Абай Құнанбаевтың бесінші ұрпағы: Абайдың ізбасары емеспін, басқа адаммын

Данияр Ақылбаев – Абай Құнанбаевтың Ақылбайдан тараған бесінші ұрпағы. Ақылбай арғы атасы болса да, әлі күнге есім-сойын Ақылбаев деп пайдаланып жүр. Біз ұлы адамның ұрпағын Маңғыстау облысынан іздеген едік. Сөйтсек, кейіп­­керіміз Ақтау мен Алматының екі арасын жол қылып, бірде – батыста, бірде Жетісу жерінде жүреді екен. Мамандығы – инженер-океонолог. Қызметі – Ақтауда. Отбасы – Алматыда. Үш қызы бар. Үлкені Дана – Германияда. Мюнхен қаласында білім алуда.  Кәмиласы – мектепте, Меруерті – алты жаста.

Данияр Ақылбаев сұқбат бе­руге оңай келіскен жоқ. Бұған дейін де тілші қауым жиі қоңырау шалып, біраз мазасын алғанға ұқсайды. Ақырында Наталья жең­гейге қолқа салдық. Ерлі-зайып­ты Данияр мен Наталья Ақылбаевтар сұқбатқа бірге келді. Ашық-жарқын, ешкімді жатыр­қамайтын жан екені көрініп тұр. Санкт-Петерборда білім алған. Наталья екеуі сонда танысыпты.
– Абайдың ұрпағы екеніңізді достарыңыз да, араласатын жақын әріптестеріңіз де білмейтін секілді. Неге?
– Ұлы адамның ұрпағы екенімді көпшілікке әйгілей бергім келмейтіні рас. Тіпті жақын жора-жолдастарым да біле бермейді. «Абайдың ұрпағымын» деп жар салу соншалықты қажет деп ойламаймын. Рас, «Абайдың ұрпағымын» деп ат қойып, айдар тағып жүргендер де бар. Оны естіп те, басылым беттерінен оқып та жүрміз. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбіреулер «ұрпағымын» деп жар салады. Аталарымыз туралы әңгіме айтады, салиқалы сұхбат береді. Кейде осы сарындас әңгімелерді естігенде қамығып қалатыным бар.
– Қазір Абай ұрпақтарынан кім бар? Айналаңызда ағайын-туыс бар ма? 
– Әке жағынан үшеуміз ғана: әкем, мен және немере ағам – Айдос.
– Немере ағаңыздың Украинада тұратынын айтқан едіңіз. Әлі сол жақта ма?
– Қазір елге оралған. Өкініштісі, Айдос ағаммен көп аралас-құралас емеспіз.
– Ол кісінің осында екенін қайдан білдіңіз?
– Анда-санда ата-анама хабарласып тұрады. Үлкен кісілер болған соң, Айдос ағам­ның қайда жүргенін біліп отырады. Жұмыс барысымен көбіне сыртта жүретін­діктен, жолымыз тоғыспай тұр. Бала кезімізде бірге ойнап, кездесіп, сырласып жүрдік. Ол кісілер біздің үйге қонаққа жиі келетін. Арасында біз де ата-анамызбен қонаққа барып тұрдық.
– Айдос ағаның балалары бар ма?
– Менің әкем – Ақылбайдан қалған жалғыз тұқым. Одан – мен бармын. Айдос ағаның да жалғыз қызы бар деп естідім.
– Әкеңіз – Абайдың тікелей ұрпағы екенін жақсы білесіз. Отбасында ұлы атала­рыңыздың мұралары сақталған ба? Өлеңдері ше? Қарасөздерін пайдаланасыздар ма?
– Ұлы бабамыздың өлең кітаптары, қарасөзі үйіміздің төрінде тұр. Семейдегі Абай музейінде болғанымызда, ескі кітаптарын бізге сыйға тартты. Мұрат Әуезов те жаңа шыққан дүниелерін жиі беріп тұрады. Шынын айтқанда, әдебиеттен кішкене ауылым алыстау. Мамандығым инженер-океонолог болғандықтан ба, көркем әдебиетке көп жақындай бермеймін. Техника мен көркем әдебиет екеуі – екі бөлек дүние. 1995 жылы Санкт-Петербор университетін бітіріп, инженер-океонолог мамандығын алып шықтым. Ленинград университетіне оқуға түсіп, Санкт-Петербор университетін бітіруге тура келді. Ленинградтың атын өзгертіп, көне атауын қайта бергенін жақсы білесіздер. Университетті үздік бітіріп, аспирантураға жолдама бергенімен, Қазақстан азаматына тегін аспирантураны оқу бұйырған жоқ. Бес жыл тегін білім беріп, аспирантураға келгенде, ақылы оқу жүйесін ұсынды. Бір жылға кемінде 4-5 мың АҚШ долларын төлеуіңіз керек. Ондай ақшаны біздің мемлекет төлей алмайтын еді. Әрі оған өзімнің де жағдайым келген жоқ.
– Ұлы Абайдың ұрпағы екеніңізді қай кезде білдіңіз?
– Ұлы адамның ұрпағы екенімді неге біреуден білуім керек? Бала кезімнен құлағыма сіңіріп, бабаларым жөнінде естіп, біліп өстім. Абай бабамыздың өлең жинақтары, кітаптары, портреті мен жазбалары көп болды. Оның үстіне ұлы атамыздың даналық сөздерін айтып, үлкендер жиі еске салып отыратын. Қанда бар нәрсе бойға сіңбей қоймайды екен. Бағыфұр атам әрдайым: «Ұлы адамның ұрпағы екеніңді мақтан етіп, елге бөсудің қажеті жоқ. Дандайсымау керек» деп айтып отыратын. Осы ойды атам ғана емес, әке-шешем де ұстанған. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Өзінің нәпақасы үшін Абайдың атын пайдаланған алыс ағайын-туыстар да болды. Біз ондайға барған жоқпыз.
– Әлеуметтік желілердің бірінде: «Ұлы Абайдың ұрпағы жалғасу керек» деген сарында пікірталас өрбіген еді. Мұндай пікірлерді өзіңіз де көріп, естіп жүрген шығарсыз. Бұл туралы не ойлайсыз? Ұрпақ жалғастығы туралы пікіріңіз қалай?
– Жалпы, бұл қаншалықты қажет? Иә, атамыз – ұлы Абай. Бірақ одан кейінгі ұрпақ арасында бабамыздай дананың дүниеге келетініне кім кепіл? «Бір өзенге екі рет түсе алмайсың» дегендей, ондай мүмкін емес. Мәселен, осындай ұлы тұлғалардың ұрпағынан өзіндей да­нышпан дүниеге кел­генін көрсетіп бере аласыз ба? Бәрі – бір Алланың қолында. Алла бізге өрімдей үш қызды сыйлады. Маңдайы­мызға жазылғаны осы болса, оны да көреміз.
– Абай ұрпағы жоғалады деп қорық­пайсыз ба?
– Рас, кейбірінде ата-баба мұрасы жоғалады деген алаң бар. Меніңше, біз ештеңені жоғалтпаймыз. Себебі, Абай мұрасын жан-жақты зерттеп, зерделеп жатқан қаншама тарихшылар бар. Оның үстіне тарихта бәрі жазылып, сақталған. Менің бұған қатысым жоқ. Абайдың ізбасары, рухани жағынан жалғас­тырушы емеспін. Жай ғана Абайдың биологиялық ұрпағымын. Мүлдем басқа адаммын. Өмірге деген өзіндік көз­қарасым бар, өз философияммен өмір сүріп жатырмын.
– Сонда сіздің өмірлік философияңыз қандай?
– Қолыңа алған кез келген нәрсені тиянақты, сапалы жасау керек. Өмірге келген соң кең тыныспен өмір сүру қажет. Әр отбасының өз ішкі заңдылықтары болады. Отбасымыз салауатты өмір салтын ұстанады. Темекі тартып, арақ ішуден аулақпын. Мұсылман ретінде парызымды орындаймын. Жолдасым Наталья жұма сайын шелпегін пісіріп отырады.
– Ұлы ойшыл атаңыздың шығармаларын жиі оқисыз ба?
– Шынымды айтайын, жиі оқымаймын. Әрине, жас кезімізде бір емес, бірнеше рет оқып, жаттап алған кездерім болды. Түпкі идеясын түсініп, өзіме керек азығымды алдым. Мағауиядан тараған Ғазал, Ишан деген тәтелерім атамыздың нағыз фанат­тары еді. Газетке шыққан материалдарды жинап, суретін қалтасына салып жүретін. Барлық жиын кездесуге баратын да, сұхбат беретін де сол кісілер болды. Бабамыздың әр сөзін жаттап алып, барған жерінде айтып отыратын.
– Жеті атаңызды таратып айтып бере аласыз ба?
– Құнанбай – Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағыфұр – Айдар – Данияр. Ақылбай ата – Абай атамыздың тұңғышы. Он жеті жасында әке атанып, өмірге ерте келген соң, Ақылбай атамыз баласынан гөрі, інісіндей болып өскен екен. Бағыфұр атамыздың үш ұлы болды. Эрнест пен Айдардан ғана ұрпақ бар. Эрнесттен – Айдос, Айдардан – Данияр тарап отыр

Айқын” газетінен ықшамдалып алынды

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған