Шахматшы Жансая Әбдімәлік әлем чемпионы атанды

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды shynyrau.kz тілшісі Vesti.kz спорт порталына сілтеме жасап.

17 жастағы отандасымыз осыған дейін жасөспірімдер арасында күміс және қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл жолы әлем чемпионатының алтыны бұйырды.
Жансая әлем чемпионатында он бір ойын өткізіп, тоғызында жеңіске жетті. Бір ойында тең түсіп, бір ойында жеңілді. Нәтижесінде 9,5 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды. Cоңғы турда америкалық шахматшы Дженнифер Юмен кездесіп, жеңіске жетті.

Бірінші турда Жансая осы жылы оқушылар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған отандасымыз Назерке Нұрғалимен кездесіп, жеңіске жетті. Екінші турда армян Сирануш Гукасяннан айласын асырды. Үшінші турда үндістандық Вайшалиден ұпай алды.

Төртінші турда Жансая украиналық Юлия Осьмакпен тең түсіп қалды. Кейіннен Номин-Эрдене Даваадемберель (Моңғолия) мен Нино Хомерикиді (Грузия) жеңді. Сондай-ақ Жансая Қазақстаннан Ресейге кеткен Бибісара Асаубаевамен де ойнап, айласын асырды.

Жансая жарыста сегізінші турда ресейлік шахматшы Анастасия Парамзинаға есе жіберді. Одан кейінгі турларда өзбекстандық Гүлрухбегім Тохиржанованы, грекиялық Ставрула Цолакидудыұтты.

Айта кетейік, 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионаты Италияның Тарвизио қаласында өтті. Жарысқа осы жас аралығындағы әлемнің кіл мықты шахматшылары қатысты.

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған