1822 жылғы жарғы һәм отарлау саясаты

Қазақ Ордасын  әкімшілік отарлау ХҮІІ ғасырдың басында қарқынды жүргізілді. 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы жарғы» қабылданып, Орта жүзде хандық билік жойылды. Жаңадан округтер пайда болып, қазақ халқын патша сайлаған аға сұлтандар басқаратын жүйе қалыптасты. Сөйтіп отарлаушылар құрған жаңа әкімшілік құрлым сегіз окург пайда болды. Атап айтқанда, 1824 жылы Қарқаралы, Құсмұрын окургі, 1831 жылы Аягөз округі, 1832 жылы Ақмола және Аманқарағай округтары, 1833 жылы Баянауыл, Ұшбұлақ округі, 1844 жылы Көкпекті округі ашылды.

Жаңадан енгізген әкімшілік құрлымы бойынша: 50-70 қожалық (отбасы) бірігіп 1 ауыл (ауылнай) болды. 10-12 ауыл бір болыс. 15-20 болыс бір округке біріктірілді. Округ басшылығына аға сұлтан отырды. Сұлтанның қол астында 4 кеңесшісі болды. Олардың екеуі орыс, екеуі қазақтан делінді. Оларды 2 жыл мерзімге губернатор тағайындады. Сұлтан болса 3 жыл мерзімге сайланды. Отарлаушылар дәстүрлі төрелер билігін әлсірету  үшін аға сұлтандыққа қара қазақты сайлау керек деп шешті. Осы арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан унитарлық басқару тәртібі бұзылды. Байырғы әскери-стратегиялық құрлым рулық жүйені осындай сайлаулар арқылы ірітіп, халықты ішінен бүлдіретін құралға айналдырды.

Нәтижесінде, Қазақияның көнеден келе жатқан саяси құрлымы, ел билеудің демократиялық тәсілі өзгерді. Күшпен енгізілген территориялық-әкімшілік басқару жүйесінің мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі басқару тәсілін жойып, рулар мен рубасыларын араздастырып, айтқанға көнетін мәнсапқұмар, сатқын адамдардың қолына билік беруді көздеді. Оған дейін (жарғы қабылданғанға дейін) патша тыңшылары – ел арасында беделі бар, бірақ орыс патшасының оңтайына бағынатын дәулетті адамдардың тізімін жасап, отарлау ісіне пайдалану жайлы жоспар жасады.

Әдебиетші ғалым С.Садырбаев мырза, император Александр ІІ мен Батыс-Сібір генерал-губернаторы Гасфорд 1850-ші жылдары жасырын шешім шығарған, дейді. Онда: «Қыр қазақтарының арасында патшаның бағындыру саясатын баяу, біртіндеп, асықпай жүргізу шарт; екіншіден, ру тартыстарын күшейтуге көніл бөлінсін, ішкі күштері әлсірейді, бірлігін жоғалтады; үшіншіден, елдегі беделді адамдарды патша үкіметіне жақынырақ тарту үшін, оларға әскери атақтар, күмістен, алтыннан бағалы сыйлықтар ұсынылсын!» деп бұйрық қабылдағаны жайлы деректі келтіреді. («Халық әдебиетінің тарихи негіздері», Алматы, «Қазақ университеті», 1992. 209-бет).

Майлықожа ақынның:

Орыстың жолын тосады,

Оңлы болған болыс, би,

Жылтыратып танадай,

Тақтырды шынжыр мойнына,

Мақтанышпен талдаңдар,

Қуанышы сыймай қойнына,деп, толғауында сол заманның ащы шындығы жатыр.

****

Ақыры, бір-бірімен итше  ырылдасқан бейбақ қазақ бұрын хан мен биге жүгінетін болса, жаңа жарғыдан кейін орыстың ұлығына жүгініп, заңына бас иді. Арамза орыс шенеуніктері ақ көңіл жұрттың ыңғайын тапқан болып, халық ішіне «орыс әділ» дейтін ұшқары пікір қалыптастырды. Сұлтан пен болыс сайлауы барысында патша шенеуніктерінің алатын парасы да жойдасыз еді. Қазіргі пара беру мен жемқорлықтың түп тамырын қазақ даласына әкеліп еккен де, осы орыс отарлаушылары. Бүгінгі біреулер айтып жүргендей оңтүстіктен келген «дерт» емес.

Мысалы, Абай «жиырма екінші» қара сөзінде: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» десе, қазіргі көзі тірі ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қарадан шыққан аға сұлтандардың дабырайған аты ғана болды. Барлық істі қасындағы көмекші екі орыс майоры жүргізді. Болыс сайлау рулық құрамды әдейі есепке алмай, территориялық бөлік бойынша жүргізілді. Бұл аралас рулардың ортасына от тастағанмен бірдей болды» деп жазады.

1914 жылы «Айқап» журналының 13-санында жарияланған, ІІ Екатерина патшайымның қолы қойылған «Қазақ жерін отарлау жоспары» жайлы құпия жарғыда: «қазақтың ру басылары мен сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей таластырып, бірінің етін бірін жейтіндей іс қылу керек. Ол үшін атам заманнан қалыптасқан хандық билікті алып тастау арқылы, қара қазақтың билікқұмар нәпсісін оятып, арасына от тастап, быт-шыт ету керек» делінсе,  «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 21 санында жарияланған мақалада: Семей уезі Аршалы елінде болыс сайлауы өткен. Сайлауда жеңген болыс қарсы болған елу үйдің (басқа рудың) шаппасын, жайлымын тартып алған.  Жеңілгендер ақыл сұрап көрші мұжыққа барады. Олар былай деп ақыл берген: «сендер одан да біздің болысқа бодан болуға арыз жазыңдар» дегені жайлы жазылған.

Осы мақалада айтылғандай жеңілген қазақтар Семей губернаторына шағым жолдаған. Губернатор жіберген шенеунік арыз-шағым бойынша тексеріс жасап, қазақтардың арасында жерге талас болып жатыр, деп,  екі жақтың да шабындық, жайылымдық жерін тартып алып, орыстың болыстығына алып берген. Осылай отаршылар қолдан дау тудырып оны өз пайдасына асырып отырған.

Бекен Қайратұлы

“Намыс” журналынан алынды

арнайы shynyrau.kz  үшін дайындалды

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған