Ұлттық музей қорындағы қазақтың Ақбаянынан қалған көз

М. Ералиеваның көйлегі

Cахнадан сыбызғыдай сызылта ән салған Мәдина апамыздың, қазақ даласының сүйікті әншісіне айналған, әндерінің сөздері жүрекке тиіп «Айқаракөз»,«Ақбаян», «Сағым жылдар», «Кіресің жиі түсіме» сияқты әсерлі әндерімен тербетіп,күп-күрең күзге жетіп үзілді.«Ән әлемінің Ақбаяны» атанған әншіміз Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі осыдан он жеті жыл бұрын Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майлыбаста көлік апатынан қапияда көз жұмды, тірі болғанда биылғы тамыз айында 63 жасқа толған болар еді.

Сыр өңірінің тумасы, халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға сүбелі үлес қосқан әншіден қалған естеліктер ҚР Ұлттық музейі қорына «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында, ұлы Арсен тапсырған еді.Қамшының сабындай қысқа ғұмырында үлкен шыңдардан көрінген Қазақтың Ақбаянының шығармашылығы, отбасы туралы, жеке заттарынан естеліктер ретінде топтастырылған жәдігерлербіздің музей қорында кеңінен көрініс тапқан.

Ақбаяннан қалған көзіндей өнер көрсетіп жүрген кезінде киген концерттік киімдері,бас киімі, көйлегі, сөмкесі мен аяқ киімі, баяны,Отандық эстрададағы сіңірген еңбегі үшін берілген «Алтын диск» мүсіні, фотосуреттері мен үш дискке жазылған күй табағы, грамоталары, әншінің өзіне арнап жазылған өлеңдер, мақалалар, фотосуреттерінің электронды нұсқасы, «Керуен сазы» бағдарламасында түсірілген бейне жазбалары сақталуда.

Әншінің сырнай аспабы

Мәдина апамыздыңұлы Арсеннің Азаттық радиосына берген сұхбатында, анасы өзен бойында ұзақ әрі жалғыз отырып, судың аққанын тыңдағанды ұнатқан. Ол кісі табиғат-анамен сырласып, далада серуен құрғанды керемет жақсы көрген екен. Бұл кісінің табиғатты ерекше сүйгенін сахналық киімдерінен де байқауға болады.Үлгісі ешбір әншіге ұқсай бермейтін, сахнаға киіп шығатын әр түрлі сахналық костюмдерін де халық ұмыта қоймаса керек.

Бұл жәдігерлердің қайсыбірін алып қарасақта әншінің сахналық өмірінен терең сыр шертетін өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Сахналық көйлек пен бас киіміне матадан раушан гүлдері тігіліп, пайеткамен шұғыла оюы өрнектелген.Және де бас киімнің формасы шұғыла оюына салып тігілген. «Шұғыла» оюы – шолпан жұлдыздың бейнесі, «жұлдызы жарқырап маңдайы ашық болып, шұғыла шашсын» деген мағынаны білдіретін ою.Көйлектің етегінде сүйретпесі(шлейф)бар. Италия маркасы «Ballin» аяқ киімі мен сөмкенің стилі де ерекше, сол жылдары сәнге айналған ридикюльмен басы үшкір болып келген аяқ киім Мәдина апамыздың талғамының жоғары болғандығын айғақтайды.

Сахнаға киіп шығатын көйлек, бас киімдерін өз қолымен тігіп киген. Тігіншілік өнері нағашы атасынан дарыған деп айтып отырған екен.

Осы турасында ұлы Арсен көптеген басылымдарға берген сұхбаттарында: «Анамның нағашы атасы кезінде аты біраз жерге тараған керемет тігінші, әрі ұста болған. Әлі күнге дейін сол атасының нағашы әжесінің жасауына берген «Зингер» деген өте ескі тігін машинасы үйде бар»деп айтқан екен.

Мәдина апамыз біртуар әнші. Ол кісінің әнімен, сәнімен өсіп келе жатқан бойжеткендерді түзеуге, үлгі етуге болады. Жарық жұлдыздай жанып өшкен нәзік бейнесі, әсерлі әндері халық жадында, жүрегінде мәңгіге қалды. Өнер әлемінде өз орнын, өзіндік үнін қалыптастырып кеткен әншінің әндері өзіне ғана тән сырбаз әуенін, орындау ерекшелігін айшықтап тұратын. Мәдина Ералиева – әнші ғана емес, талай бойжеткеннің ән әлеміне еніп, әнші болсам деген аяулы армандар ұялатар ұстаз еді. Ол халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты.

Әншінің жеке заттары

Алғаш қазақ сахнасына этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына алып келген екен. Ол халық есінде Бексұлтан Бәйкенжеевтің «Ақбаян» әнімен алғаш танылған болатын. Асқақты әсем ән әуендерін, шалқар шабытпен шебер орындаушы осы біздің Мәдина апамыз еді. Күміс көмей әнші жайында бірқатар еңбектер жарыққа шықты. Орыс тілінде жазылған Роза Ақболатованың лирикалық кітабын, 2013 жылы журналист Рауан Тұрғантай жазған «Қазақтың Мәдинасы» атты кітапты айтуымызға болады.

Мәдина Ералиева есімін жас ұрпақтың есінде сақтауы үшін Қызылорда қаласында Мәдениет үйі, Музей ашылып, Алматы қаласының «Таугүл-3» ауданының бір көшесіне әншінің есімі берілген. Осының барлығы Мәдина апамыздың Қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алғандығының айғағы.

Ұлттық музей қорындағы сақталған қазақтың Ақбаянынан қалған жеке заттары жәдігерлер қорына сән беріп тұрғандай. Бұл жәдігерлерді біздің музей күллі қазақтың Ақбаянының көзі ретінде сақтайды.

 

Саутбекова Ақбөпе Ғалымқызы

 ҚР Ұлттық музейінің қор сақтау бөлімінің жоғары дәрежелі қор сақтаушы маманы

shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған