КҮЙ ӨНЕРІНІҢ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙЫ

Күй өнері десек, алдыменен еске оралатыны Құрманғазы мен Дәулеткерей, Тәттімбет пен Дина күйшілер екені анық. Есімдері елге танымал, өз заманының асылдары есептелген тұлғалар қазақ ұлттық музыка тарихының орнынан өшпестей орын алды. Бүгінде күйлері түрлі сахнадан тартылып, үлкенді-кішілі отырыстардың көркі болып жатыр. Әр мереке сайын сахнадан күй тартылады, әр отырыс сайын күйдің құдыреті айтылып асқақталады. Әр жиын күйменен басталып, күйменен аяқталып жатады. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ, мына заман ағысында, бір ақпарат он минуттан кейін өзінің өзектілігін жоғалтып жатқан уақытта күйдің де насихатталуы өзіне сай қажетті деңгейде деп есептемейміз. Бұл мақала барысында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғап, олардың шешу жолдарын да айтып өтпекшіміз.

Алдыменен, күй кім үшін керек? Кімдер үшін тартылады? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Әрине, жауыбымыз айқын. Күй – тыңдаушы үшін қажет. «Құлақтан кіріп бойды алған» күй алдыменен тыңдаушы үшін керек. Осы тыңдарман болмаса күйің де, күйшің де еш қажеті болмай қалатын еді. Бүгінде күйді тыңдаушы қандай деңгейде? Өкінішке орай, көбіне тыңдарманның деңгейін қанағаттарлық деп айта алмаймыз. Тоқсан пайыз тыңдарман далалық күй мен жасанды күйдің арасын айыра алмай жатады.

Далалық күй – атам заманнан бері ұлттық нақышы бұзылмай, барлық иірімдері сақталған музыкалық шығарма. Бір-екі тұсы замана ағысымен өзгеріп кетсе де, бұл сол күйдің кемшілігі емес, кеңшілігі ретінде қарастырылады. Тіпті, кейде алпауыт күйшілер өз жанынан жаңа буындар қосып, ескі күйді құлпыртып жіберетіндігі жайында аңыз-әңгімелерден білеміз.

Жасанды күй – домбырадан өзге музыкалық аспаптар не музыкалық қосымшаларды пайдаланып жаңа заманға лайықталып жасалған шығарма. Әрине, бұны да шығарма деп айтуымыз керек. Бірақ, ұлттық (дәстүрлі) деп айта аламыз ба? Біздің ойымызша, айта алмаймыз. Ұлттық музыкалық аспаппен (домбыра, қобыз, сыбызғы) орындалып отырса да, шығарма бойында ұлтқа тән бірде-бір нақыш көрінбейді, байқалмайды. Нақтырақ айтсақ, «күй» атану үшін оның ұлттық музыкалық аспапта орындалғаны басты шарт емес, қазақи иірімдер мен дыбыс интонациясы болмаса, бұл тек қана домбырада орындалған музыкалық шығарма ретінде қала бермек.

Енді әуелі ойымызға оралайық. Тыңдарман күйді құлақпен естіп, жүрек көзімен көрсе екен дейміз. Кейде аласұрған, дауылды екпіннің ішінде қайғы мен қасірет жатуы мүмкін. Қарапайым ғана әуен ішкі толғанысты білдіруі мүмкін. Жүрек көзі дәл осы кезде керек. Осы ретте ғана тыңдарман қарсы бетте отырған күйшінің деңгейіне жетіп, тіпті кейде майталман домбырашы мен күйшісымақты ажырата алатындай дәрежеге бола алады.

Барлық кінәні тыңдаушыға жауып тастаудан аулақпыз. Көп жағдайда кінә күйшілердің өздерінде де болып жатады. Ойлы күй тартатын ортаға жеңіл күйді ұсынып жататын жағдайлар кездесіп қалатыны шындық. Біздің ойымызша, бұның себебі домбырашының білімінің аздығы. Тарихты қарайтын болсақ, күйші өз күйін тыңдаушының шамасына қарап тартқаны жайында көп-ақ дерек бар. Кезінде оңтүстік өлкесіне арнайы музыкалық-этнографиялық экспедициямен барғанда «Сүгір (Әлиұлы) күйші өз күйін тартпас бұрын, жан-жағын бағамдап алатын, жасы үлкендер болса «Қосбасар» мен «Шалқыманы», жастар болса «Бес жорға» сынды күйлерді тартатын» деп мәлімет берген ауыл ақсақалдарын кездестіргенбіз. Расымен де, бүгінгі күйшілік өнердегі басты мәселелердің бірі – шығарманы тыңдарманға ұсыну. Өкінішке орай, «тыңдарман ұқпайды» деп жеңіл-желпі, зуылдай тартылатын шығармаларды ғана орындап жүрген жайымыз бар.

Осыменен бірге, қазақтың XXI ғасырдағы күйшілік өнерінде басты мәселелердің бірі – күй екпінін жылдамдату. Жәй орындалатын күйді тездетіп тарту, желдірте ғана шертілетін шығарманы шапшаң орындау, сәл ғана екпінтеде тартылатын күйді зуылдатып халықтың назарына «ұсыну» бүгінгі күнде қалыпты жағдайға айналды. Тіпті кейде бір күйді бірнеше есе жылдамдатып орындап жүрген домбырашылар бар.

Ел ішіндегі бір аңыз бойынша, Құрманғазы күйші ауыл аралап жүріп бір үйге түседі. Төрде ілініп тұрған домбыраны қолына алып түрлі күйлердің басын шалып өтеді екен. Сол мезетте үйге иесі кіріп, күйшіні көреді. Бұл өз аймақта ешкім қарсы сөз айта алмаған домбырашы қыз болса керек. Ешкімді менсінбей жүрген қыз домбыраны сұрап алып, күй тарта жөнеліпті. Күй аяқталғанда Құрманғазы «шырағым, күйдің оғын емес, боғын тарттың» деп ескертпе айтқан көрінеді, деп келеді аңызда. Бізге ең керегі Құрмағазының соңғы сөзі. Аңыздағы домбырашы қыз күйдің байыбына бармай, «білгенің» көрсетсе керек. Жас күйшілер, осы аңызды есте сақтап, «қаншалықты тез тартсам, соншалықты керемет шығады» деген қате ұстанымнан бас тартса екен деген тілегіміз бар.

Күйді өзінің дәстүрінен бұзып тарту қайдан келді? Біздің ойымызша, күйдің осыншама құбылып кетуіне екі фактор әсер етті. Біріншісі – оркестр, екіншісі – күй байқаулары. Әуелгісінің жағдайы белгілі. Үлкен сахна мен қалың тыңдарманның алдында аспай-саспай орташа жылдамдықта шығарманы орындау қисынсыз ретінде көрінеді. Шоу мен абыр-дабырға үйір бұл заманда көрерменге «Адай» күйін байырғыша, орташа жылдамдықта тартуды елестетіп көріңізші. Бұл, әрине, орындауға мүмкін дүние. Бірақ, тыңдарманның талғамына сай болмай шығуы әбден мүмкін. Бір ғана мысал. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанаға атақты дирижер, Ахмет Жұбановтың көзін көріп, тәрбие алған Фуат Мансұров есімді Татарстанның белгілі өнер маманы келген еді. Бүгінде бақилық болып кеткен дирижер сол кезде Астана филармониясының оркестрімен концерт берген болатын. Кеш ең соңында дирижер өзі сөз алып, «Мен қазір оркестрге Адай күйін орындатпақпын, бірақ бұл сіздер тыңдап жүрген Адайдан өзгешелеу. Әрине, бәрі де сол қалпында ғой, тек екпіні баяу. Кезінде Ахаң (Ахмет Жұбанов) өзі осылай үйретіп кетіп еді» деп күйді бастады. Бұрын жылдам, шапшаң екпінде тартылып жүрген «Адай» осы жолы мүлдем басқа кейіпте келді. Сабырлы, өзіндік айтар ойы бар күй. Бірақ та, өзіме қатты әсер еткенімен, зал ішінде күбір-күбір сөздер естіле бастады. Бұл тыңдарманның түсініспеушілігі болса керек деп қорытынды шығардық.

Екінші бір мәселе – күй байқауларындағы үміткерлердің шығармаларды орындауы. Жасыратыны жоқ, жергілікті деңгейлердегі орта білім беретін оқу орындары, әсіресе музыкалық мектептердегі ұстаздарының біліктілігі көңілді көншітпейді. Барлығы демесек те, жартысынан көбінің шама-шарқы орташа дейгейде. Осындай ұстаздар түрлі байқауларға шәкірттерін алып барып, «бастысы тез тарт» деп кеңес береді. Әлі пісіп жетілмеген, оң мен солың танымаған жас өнерпаз мұғалімінің айтқанын орындап шығады. Осылайша, бұл үлкен үрдіске айналып, күйлер екі есе, кейде тіпті үш есеге жылдамдатып тартылып шығады. Бұл ретте бір ғана ұтылушы жақ бар. Ол – дәстүрлі күй өнері.

Ендігі арнайы тоқталып өтпекші мәселеміз – жаңа заманның күй шығарушылары жайында. Бұл күнде жаңа күйлердің бір-біріне ұқсап жататыны жасырын емес. Кейде тіпті плагиат жасап, екі-үш дыбысы мен қағысын өзгертіп «жаңа» туынды ретінде ұсынып жатады. Өкінішке орай, бұл қазақ ұлттық музыкасына қосқан үлес деп айта қоюымыз екі талай. Күйші арнайы күй шығарамын деп дайындалмаса керек. Бастан өткізген оқиғалар, жүрекке әсер берген сезімдер, қоғамда болып жатқан оқиғалар бәрі де тың дүниенің тууына әсер береді. Және осы ретте ғана жаңа күй шынымен де «жаңа» шығарма ретінде дәстүрлі музыка тарихына өз орнын алуы мүмкін.

Бүгінде ұлттық музыкаға тың әуендерімен келген, өзінше иірімдері бар, авторлық күйлері жаңашылдық ретінде келген күйшілер жоқ емес. Қаршыға Ахмедияров, Әбдімомын Желдібаев, Таласбек Әсемқұлов, Секен Тұрысбек сынды өнерпаздардың туындылары халық музыкасының баға жетпес мұрасы ретінде ұлттық қорға енді.

Ең соңғы арнайы тоқталып кетпекші мәселеміз – күй жарнамасы жайында. Жасыратыны жоқ, бүгінде қарапайым халықты дәстүрлі музыка концерттерінен көрмейміз. Олардың жоқтығы күйге деген қызығушылығының аздығынан емес, насихаттың қажетті деңгейде еместігі деп білеміз. Қандай да бір шара болса, музыкалық оқу орындарындағы кішкене афиша мен әлеуметтік желідегі бірді-екілі арнайы жазбалармен ғана шектеледі. Бұл, әрине, өте аз. Өйткені, көптеген адамдардан естігеніміз бар «дәстүрлі ән мен күйдің концерттерін дұрыстап жарнамаламайсыздар ма, естімей қалдық» дегендей пікір айтып жатады. Дұрыс пікір. Мысалдар жеткілікті. Аракідік үлкен концерт залдарында өтетін күй мен ән кештерінің жарнамасы автобус аялдамаларындағы үлкен жарнама орынынан бастап, радио-телеканалдардан көрсетіп жатады. Осындай жарнамасы болған кештерге халық көптеп келеді. Өзіміз көргенбіз. Ал, қалған 90 пайыз іс-шараларда 3000-4000 орындық залдарға тек 30-40 көрерменнің айналасындағы халық жиналады.

Бұл мақала барысында бүгінгі күннің дәстүрлі өнердегі бірнеше өзекті мәселелеріне тоқталып өттік. Біздікі оқырмандарға ой салу. Болашақта қажетті шешімдер қабылдап, ұлттық ән мен күйіміздің жағдайын жақсартуымыз қажет-ақ. Ол дегеніміз, орындаушылардың санымен қоса сапасын да арттыру, тың әуені мен иірімі бар жаңа заманның жаңа музыкалық шығармаларына назар аудару, күйшімен қоса тыңдарманның да тыңдау деңгейін өсіру. Осы ретте ғана рухани жаңғырудың нағыз куәсі болатынымызға сенімдіміз.

Рүстем Нүркенов,
Ұлттық музейдің “Халық қазынасы” ҒЗИ ғылыми қызметкері
shynyrau.kz

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар shynyrau.kz интернет-ресурсына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның рұқсатын алу қажет.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған