Балетке 3 миллиард бөлінді. Ән мен күйге ше???

Дәстүрлі музыкалық өнер Қазақстанда біреуге керек пе? Дәл осылай сұрақты төтесінен қоюға мәжбүрміз. Неге десеңіз, кеше ғана әлеуметтік желіде бір ақпаратты оқып қалдық. Әрине, нақты ресми құжат болмағаннан кейін рас деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл дерекке сенбеуге де негіз жоқ.

Фейсбукте Елена Неферова есімді журналист Данияр Әшімбаев есімді саясаттанушыға сілтеме жасап бір ақпаратпен бөлісті. Бұл 2018 жылы тендерсіз мақсатты түрдегі қаржылық қолдау көрсетілетін мекемелердің тізімі. Ғылым мен БАҚ бастаған тімізде «Астана балет» мекемесінің де атын көріп қалдық. Ақпарат бойынша, биыл 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді-міс. Жөн деп, дәстүрлі өнерімізге қатысты мекемені іздедік. Аты дардай «Қазақ әуендері» (1,3 млрд теңге бөлінген) дегенді таптық. Ең жақыны осы шығар деп ойлап, бұл мекеме туралы интернет мәліметті алдық. Сөйтсек, «…Қазақстан Республикасының азаматтары – өскелең ұрпақты эстетикалық және адамгершiлiкке тәрбиелеуге бағытталған қазақ халықтық музыкалық-поэзия шығармашылығының шығармашылық жетiстiктерiн, қазiргi заманғы сазгерлердiң туындыларын, әлем мәдениетiнiң үздiк үлгiлерiн насихаттау мақсатында құрылған» дейді. Дәстүрі музыкалық өнер көптің ішіндегі бір міндет қана екен.

Осыменен болды. Ұлттық өнер – ән мен күйге көптің бірі ретінде жүр. Сөз басындағы балет өнері жеке дара соншама теңгені иемденіп отыр. Әрине, біреудің қалтасындағы тиының санап отыру міндетіміз емес, дегенмен балет әлем бойынша насихатталып, зерттеліп жүр. Дәл Қазақстанға қарап қалған ешкім жоқ. Ұлттық музыкалық өнер ше? Ия, бізге ғана қарап қалды. Бізден басқа ешкімге керек емес. Бірақ… бізге де керек емес болып тұр ғой. Әйтпесе, таза дәстүрлі музыкалық өнерді насихаттауға, зерттеуге, көпшіліктің арасында беделін арттыруға арнайы ұйым құрылатын ба еді?! «Қазақ әуендерінің» түрі мынау, Өнер университеті мен Консерватория білім беру мекемелері, филармониялардың да жағдайы белгілі. Сонымен, дәстүрлі музыкалық өнер Қазақстанда біреуге керек пе?

Рүстем Нүркенов

Shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған