Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі: Бәрі де Рухани жаңғыру арқылы іске асып жүр. Бұл не сұмдық?

ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида БАЛАЕВА “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша өткен селекторлық кеңесте мақаласы аясында өткізілетін іс-шаралар мәселесі көтерді, деп хабарлайды shynyrau.kz zhetysu-gazeti.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Соңғы кездері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы оның мақсат-мүддесіне сай емес шаралар өткізу дағдыға айналып барады. Осы жөнінде Астана қаласы «Қазмедиа орталығы» Орталық коммуникациялар қызметінде Аида Ғалымқызының төрағалығымен өткен жиында сөз болды. Оған әлеуметтік саланы қадағалайтын облыс және қала әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат, дін істері, білім, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармасы, өңірлік жобалық офис пен БАҚ басшылары қатысты.

– Өкінішке қарай, көп жұмыс желілік кестеге сәйкес келмейді. Бей-берекет істер белең алған. Қазір бәрі Рухани жаңғыру аясында өтетін болған. Астана қаласының 20 жылдығы да, Жолдау да, спартакиада да, нысанның ашылуы да Рухани жаңғыру арқылы іске асып жүр. Бұл не сұмдық? Біз кімді алдап жүрміз? – дейді Аида Балаева. Тіпті, Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шыққан күніне орай өткізілген іс-шара да Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылыпты.

Бұдан былай аталған бағдарлама аясындағы шаралар қадағалауға алынып, атқарылған жұмыс қорытындылары өңірлік жобалық офис арқылы орталық жобалық офиске жолданатын болып шешілді. Яғни, алдағы уақытта кез келген Рухани жаңғыруға қатысты шаралар орталық офистің қарауынан кейін ғана өткізілмек. Әйтпесе, әр сала өзінше есеп беріп, бір шараны бірнеше мәрте тіркеуді әдетке айналдырған. Жиын соңынан өңірлердегі облыс әкімінің орынбасарлары Рухани жаңғыруға қатысты сауалдарын қойып, алдағы уақытта өткізетін шаралардың өткізілу ретін пысықтап алды.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған