Қазақпен қазақ қасиетті тілімізде сөйлесейік

Тіл – адам баласын басқа тіршілік иелерінен артықшылығын даралайтын ерекше қасиет, қоғамдық қатынас құралы екенін әлемдік ойшылдар ғасырлар бойы айтып келе жатқанын жақсы білеміз. Соның ішінде әр ұлттың өз тілі өзіне соншалықты қымбат, ұлт болып жаралуының орынды мақтанышы. Тілі жоқ ұлт болу мүмкін емес. Басқаша айтсақ, тілін жоғалтқан халық өлген халық, өлген ұлт. Қазақ халқы тағдырдың басқа тауқыметтерінен болып ғасырлар бойы «мың өліп, мың мың тірілсе де» бергісі түркілік дәуірден қалыптасқан ұлттық тілін өлтірмеген халық. Бұл біздің тағдыр талайындағы ұлттық орынды мақтанышымыз, басымыздан кетпеген бақыт, байлығымыз. Тілімізден айырылсақ, көрген күніміз күн емес, қараңғы түн болары анық.

Алайда тәуелсіздігіміз арқылы дәуірлеуіне зор мүмкіндік туған, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ұлттық тілімізді өзгеге мойындатпақ, қадірлетпек түгіл, өзіміздің қадір тұтпай, бақытымызды басқа теуіп жүргеніміз қандай қасірет. Қазақ елі атты тәуелсіз мемлекет құрғанымыз шын болса, ұлттық тілімізді ұлықтайтын, әуелі екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесетін күн жетті. Бұл жөнінде ұлт жанашырлары ширек ғасыр бойы айтумен келеді. Өзгені қойғанда  «әуелі қазақтар өзіміз арамыздан қазақша сөйлесейік» дегенді Елбасы үнемі айтып келеді. Бірақ осы бір ұлағатты сөзге құлақ асып жүрген қандастарымыздың саны молая қойған жоқ. «Баяғы жартас, бір жартас».

Осы орайда жалпы өзара қазақ тілінде сөйлеспейтін қазақтардың дені кімдер? Әрине көпшіліктің бәрі біледі, мемлекеттік қызметтегі шенеуініктер, жоғары лауазым иесі басшылар, солардың отбасы мүшелері, жақын туыстары. Бұл жерде көпке топырақ шашудан аулақпыз. Негізгі тенденцияны ғана айтып отырмыз. Әйтпегенде Елбасымыздың өзінен бастап, ана тілімізді еркін игерген И.Тасмағамбетов, Б.Сағынтаев, Б.Тілеуханов, Н.Ниғматулин, Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Б.Смағұлов, Ж.М.Бақтияров, С.Еңсегенов, Асанов, Д.Хамзабеков, Әкім Сқақ,  А.Мұхамәдиев, сияқты жоғарғы лауазым иелерінің ішінде де жүздеген жүйріктеріміз бар екенін жоққа шығармаймыз. Ал  кейбір мың салса бір баспайтын, Елбасы сөзімен айтсақ «ымды да, дымды да білмейтін» ананың ақ сүтімен бойымызға дарып, санамызға сіңген  ана тілімізден безген безбүйректердің өз ара өзге тілде шүлдірлесіп тұрғанын көргенде ішің ашиды. Алладан берілген қамшының сабындай қысқа ғұмырында ана тілін білмей кеткен шіркіндер осы тілде о дүниеде сөйлесемін деп ойлап жүр ме деп те ойлайсың! Сөздік қоры еш тілден кем емес, нақышы да құлаққа жағымды ғажайып ана тілі тұрғанда өзге тілде шүлдірлеуі ақылға сыймайды.

Біз өзге ұлтты сыйлаймыз, олармен өздері қандай тіл білсе, сол тілде, білмесек орыс тілдерінде сөйлесеміз. Ал қазақпен қазақтың өзге тілде сөйлесуі кімге құрмет, кімге сый? Әлде мақтан ба? Жоқ бұл – бишаралық, сауатсыздық. Мәселен өмірде екі орыстың  қытайша, екі қытайдың орысша  сөйлесіп тұрғанын көрдік пе? Қазақтың жерінде туып, қазақтың қара домалақ балаларымен бірге ойнап, қазақ тілін жеттік меңгерген екі орыстың өздері бізді, ортаны сыйлап, өз ара қазақша сөйлесіп тұрғанын да көрген емеспіз. Сол сияқты екі жапондық өз ара әлемдік қатынас тіліне айналған ағылшын тілінде сөйлеспейді. Өйткені бұл – өз ұлтына деген сүйіспеншілік, құрмет. Олар мақтанса, өз тілімен мақтанады. Біз неге солай болмаймыз?

Қазақ пен қазақтың өзара қазақша сөйлеспеуінің себебі неде? Әрине, сан түрлі себеп бар, бастысы үш ғасырлық отарлау саясаты етімізден өткізіп, сүйегімізге жеткізген, санамызға  сіңірген құлдық санадан айыға алмауымыз. Өкініштісі солардың бірі де өзім құлдық сананың жетегінде жүрмін деп ойламайды. Олай ойлауға түрткі болатын ұлттық намыс жоқ. Жастайымыздан үйренбеген соң, ойымды еркін жеткізе алмаймын, жақсы білетін орыс тілінде сөйлеудің несі айып деп ойлайды. Егер құлдық санадан айыққан болса, ұлттық намысы болса, ана тілін тым қиналмай-ақ меңгеріп кетер еді.

Ойдан ой туындайды. Баспасөз ақпарат құралдары арқылы ана тіліміздің мәртебесін көтерейік, қазақпен қазақ қазақ тілінде сөйлесейік деп дауысымыз жеткенше айғайлап жатырмыз. Естір құлақ неге жоқ?  Мұның бір себебі сол ана тілін білмейтіндер қазақша баспасөз, ақпарат құралдарын оқымақ түгіл, бетін ашпайтындығы болса керек. Өйткені түсінбейді. Ал тіл жанашырларының  ана тіліміздің, ұлтымыздың абыройын асқатататуға байланысты ұран көтеріп, дабыл қағып, ақыл айтқан ой пікірлерінің көбі қазақ тілді баспасөздерде жарияланады. Сол себепті қазақ тілін білмейтін қазақтардың ұлттық намысын оятып, қазақ тілін үйренуге талпындыратындай ойлы да нәрлі ұсыныс пікірлерді біз көбіне қазақ тілінде жазып жатқандықтан оның құлағына ешқашан жетпейді. Өйтсе, бір ойлағанда қазақ өз арасынан қазақша сөйлесін деп, далаға сөйлеп, жартасқа айғайлап, өз дауысымыздың жаңғырығын ғана тыңдап келгендейміз. Әрине, орыс тілді  ақпарат құралдарында ондай материалдар мүлдем басылмайды десек артық айтқандық болар. Бірақ қанағатсыз, тым қанағатсыз екенін мойындауымыз керек. Сондықтан орыс тілді ақпарат құралдарына қазақ тілін білмейтін қазақтардың намысын оятатындай әсерлі де ойлы материалдарды көптеп жазуымыз керек. Бұл – қазақша білмейтін қарапайым қазақты қатарымызға қосудың бір жолы.

Ал шенеунік, лауазым иелері тұрғысында талап басқаша. Соңғы кездері басшылардың қазақша сөйлеуін бүкіл халық талап ете бастады. Бір ғана мысал; жоғарыда аталған «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің  «Қазақ елім мәңгі жасасын» атты үндеуін  талқылау барысында құрылтай өкілдері ортасынан үндеуге «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөйлем кіргізейік деген ұсыныстар көп болды. Өкілдер ду қол шапалақтап қолдады. Бірақ құрылтай басқармасы талқылай келе қазақ тіліндегі үндеуді олар оқымайтындықтан орыс тілді қандастарымызға қазақ, орыс тілдерінде арнайы ашық хат жолдауды жөн деп тапқан еді. Қалай да Елбасы саясатын осылайша төменнен қолдаған пікірлер қарапайым ортамызда көбейе берсе, мемлекеттік тіліміздің  мәртебесін асыруға септігі тиері анық.

Жалпы Елбасының қазақтар ана тілімізде әуелі өзіміз сөйлейік деген сөзінің маңызын көпшілігіміз түсінбей, одан не шығады деп немқұрайлы қараймыз. Шынында, “өз- өзімізді сыйласақ, жат жанынан түңілетініне” мән бере алмайтынымыз өкінішті.

Біз ана тілімізде әуелі өзіміз сөйлейік дегенді көбіне от басы төңірегінде ғана түсінеміз. Әрине, ата- ананың от басында балаларымен қазақша сөйлесуі –  бірінші шар.  Ал былайғы халық бір-бірімен өз тілімізде сөйлесу үрдісін қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?

Бұл тұрғыда халыққа қызмет көрсететін орындарда (дәрігер, дәрбике, сатушы, аспаз, салық, банк, түрлі құжаттар рәсімдейтін орындарда) істейтін қара көз қызметкерлер ана тіліміздің мәртебесін асыруға ықпалды топ екенін өздері де өзгелерде ескере бермейді. Олардың көпшілігі ана тілін белгілі дәрежеде меңгерген. Бірақ өзің қазақша сұрамасаң ешқайсысы бірінші болып қазақша тіс жармайды.  Алдындағы “мен қазақпын” деп бар бітім- болмысымен киім киісімен айқайлап тұрған жетпістегі ақ сақалды шалға да, ақ жаулықты әжеге де: “что вы хотели?” деп орысша сұрайақ қояды. Көпшілік орынындағы қазақ қызметкерлерінің мұндай шүлдір сөзін естігенде жаның ауырады. Амал қанша!  Міне, солар келген қазақтың шаруасын қазақ тілінде сұраса әуелі ана тілімізде өзіміз сөйлейік деген Елбасының ұсынысына  жауап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қосқан үлес болар еді. Халыққа даяншылық көрсететін қызметкердің қазақ адамнан не шаруамен келгенін әуелі  қазақша сұрауы қателік емес. Өйткені, ұлттық сананы қойғанда, мемлекеттік тілде сөйлеу – мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне  жүктелген міндет. Содықтан ол адам сізге реніш білдіре алмайды. Керісінше бойында ұлтық тинамдай  түйсігі болса сол сөзден болып қазақ болып кетпесе де ойланар еді.

Осындай ана тіліміздің мәртебесін көтеруге ықпалды жандардың бір тобы қалалардағы ағылған сансыз автобустардың кондукторлары деп оймаймын. Мәселен Астана қаласындағы жүздеген автобус кондукторларының көбі қазақ қыз-жігіттері. Некенсаяғы болмаса ана тілін жақсы біледі. Сөйте тұра  өзің қазақша сұрамасаң көбі қазақша сөйлемейді. Автобусқа кіріп келген қазақтың жасын да, жасамысын да жан алқымға алып, “кто нерасчитались” деп орысша қақылдайды. Жол жүру билетіңізді көрсетсеңіз, “жарайды, жақсы” дегеннің орнына “ладно, хорошо” деп басын изейді. Сонда бұл қалай, өз ұлтының өкілімен өз тілінде сөйлесуге намыстана ма? Біздің қазақ кондукторлар, кондукторлар ғана емес халыққа қызмет көрсететін орындарда істейтін қара көз қыздарымыз бен жігіттеріміз неге қазақпен қазақша сөйлеспейді? Әрине, бір кезде өзге ұлт өкідерінен қорғалайтын да кез болған шығар. Бүгінгі таңда олар ешкімнен қорқып, жасқанып жүрген жоқ. Бәрінің бірдей ұлтық санасы жоқ деп те ешкім айта алмайды.

Өйтсе бұл біздің бір жағы иіс алмас салдыр салақтығымызға байланысты болса керек. Олардың көпшілігі ана тіліміздің мәртебесін көтеруге қазақтармен қазақша сөйлесу арқылы теңізге тамшыдай болса да үлес қосатынын түсінбейді, былайғы қалың қауымға мемелекеттік тілді үйрету менің міндетім емес, оған менің шамамда жетпейді, тек халыққа мінсіз қызмет көрсетсем болды деп  ойлайды да көпшіліктің дені білетін орыс тілінде қатынасуды дұрыс деп табады. Былай қарасаңыз бұл, әрине, дұрыс. Оларға өзгеге қазақ тілін үйрету міндеті жүктелмегені шындық. Сондықтан ешкім кінә да қоя алмайды. Мен де оларға кінә тағайын деп отырған жоқпын. Бірақ сонда біздің ұлтық намысымыз қайда қалмақ. Неге біз өз отанымызда жүріп, сол елдің негізгі ұлты бола тұрып, өзара өзгенің тілінде сөйлеуіміз керек деген ұлтық намыс болуы керек қой. Сондықтан кондуктор істеп жүрген қара көз қарындастарыма, халыққа қызмет көрсетіп, тікелей қатынасатын өзге мекемелердегі қандас

іні-қарындастарымызға мемлекеттік тілді дамытуға сендердің де үлестерің зор екенін түсініңдер, қазақтармен қазақша сөйлесіңдер деген тілек айтқым келеді.

Ал мемлекеттік тіліміздің басқа ұлт өкілдері арасында кең қолданысқа енбеуінің бір себебі біздің ұлттық менталитетіміздегі жалпақ шешейлік, парықсыздық, жағымпаздық, жалтақтық, қаттырақ айтсақ, құлдық сана, намыссыздық  қасиеттерімізге де белгілі дәрежеде байланысты деп ойлаймын. Мәселен өмірде көріп жүргеніміздей біз жүз қазақтың арасында бір орыс отырса, орысша сөйлейміз.

Жалпы орыстардың алдында төменшіктеп тұрамыз. Ал орыстар қазақтардың ортасында өздерін асқақ ұстайды. Өйтсе біз өзге ұлт өкілдері алдында жалпақтай беру емес, тәуелсіз елдің негізгі, тұғырлы ұлты, текті халық екенімізді танытып, басқалармен тең дәрежеде қатынаса білуіміздің өзі қазақ тілінің мәртебесін асыруға ықпал ететінін ойлауымыз қажет. Бұл асқақтау емес, керісінше өздерін менмен, асқақ санайтындарға айдын таныту. Әрі тәуелсіздік арқылы өзгеден артық болмасақ, кем болмайтын заманның келгенін өзіміздің түсінуіміз, өзгелерге түсіндіруіміз бүгінгі күннің орынды  талабы.  Бізден Елбасы осыны талап етіп отыр. Ел басының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының идеясы да ең бірінші тілге келіп тіреледі. Өйткені тіл жоқ болса, ұлт жоқ, ұлт жоқ жерде ұлтық рух, рухани қазына да жоқ. Біз Елбасының тапсырмасын іліп әкетіп, рухани жаңғыру ғана емес, үлкен серпіліс, түбегейлі өзгеріс жасауымыз керек. Рухымызға, ар-намысымызға үзілді-кесілді үлкен өзеріс жасауымыз керек. Көзімізге көрінбей тұрып-ақ, рухымызды улап жатқан құлдық санадан бір жолата айығайық, ағайын. Ұлттық қасиетіміздің  басты белгісі ана тіліміз болса, рухани тұрғыда жаңғыруды қасиетті қазақ тілін қастерлеуден қазақ пен қазақ  өз ара қазақ тілінде сөйлесуден бастайық. Тіпті ана тілімізде сөйлеуді моральдық норма етіп қалыптастырып, қазақ айтатын «жазылмаған заң» қадыптастырайық. Сол арқылы қазақ пен қазақ өз ара басқа тілде сөйлесуге қатаң тыйым салайық, шек қояйық. Болмаса «2018 жылды қазақ пен қазақ қазақ тілінде сөйлесетін жыл болсын» деген үндеу тастайық. Қоғамда болып жатқан небір жағымсыз өсек-аяңды бәріміз жабылып, әлеуметтік желі арқылы желдей гулетеміз. Олай болса, қазақ пен қазақ басқа тілде сөйлесіп тұрса, әлеуметтік желіге соны салайық. Соған жиіркенішпен қарайық. «Жазлмаған заң» деген, міне,  осы.

Қорта айтқанда біз өзге ұлттарды сыйлай отырып, қазақы ұлттық рухымызды биіктету арқылы ғана басқаға басыбайлы емес, нағыз тәуелсіз ел боламыз. Біздің менталитетіміздегі, рухымыздағы бабадан қалған асыл қасиеттерді жаңғыртуға өзге біреулер сырттан келіп көмектесе алмайды. Тек өзімізге сеніп, бәрін өзіміз жасауымыз қажет. Қазір заман басқаша, баяғыдай қазақтар өз ара орысша сөйлесіңдер деп бізге ешкім талап қоймайды. Орыстар да ақыл, парасатты Толстойдың халқы ғой. Біздің жеке ел болғанымызды, тәуелсіз мемлекет құрғанымызды түсінді, мойындады. Қазақ елінің, әрбір қазақ азаматының ұлттық тілге қатысты мәселелерін қолдап, тілеулес болып отыр. Әрине, солай болуға тиіс. «Сыйға сый, сыраға бал» деген. Біз орыс ағайындардың тіліне 300 жыл бойы құрмет көрсеттік. Екінші жағынан біз ұлттық тілімізді ғана дәріптеп, орыс тілін шетқақпайлап отырғамыз жоқ. Тіпті олардың өз ара ұлттық тілінде сөйлесуі былай тұрсын, мемлекеттік қызметте де қазақша сөйле деп талап қойып отырған жоқпыз. Құрметтей отырып, олармен өреміздің жеткенінше орыс тілінде қатынасып келеміз. Ал біздің қазіргі көтеріп  отырғанымыз ұлт аралық қатынасқа мүлдем қатыссыз мәселе. Екі қазақтың өзара қатынасы.

Өйтсе өзіміз өршілдік, жасампаздық танытсақ, өзге ағайындар қолдайды. Өзіміз жайбарақат жата берсек, дүние бәз-баяғы қалпынан өзгермейді, құлдық санадан құтыла алмаймыз. Қазақ елінде, қазақ жерінде екі қазақ өз ара тек ана тілдерінде сөйлессін. Ұлттық ар намысымызға кір келтірмесін. Қадірлі қаһарман халқым, ағайыным, осы ұстанымда берік тұрып, Елбасының саясатын төменнен қарапайым халық – біз қолдап, асқаралы табыстарға жете берейік.

 

Үзбен Құрманбайұлы

 Қоғам қайраткері

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған