Балғынбек Имашев: “Жүрсіннің жүйріктері” атанғанмен, Жүрсіннің жекеменшік ақындары емеспіз

– Аға, Жүрсін аға кімдерге ренжіп жүр?

– Осындай ыңғайсыз әңгіме туғаны рас. Бірақ Жүрсін ағамыз неге оны дінге байланыстырып айтқанын білмеймін. “Алтын домбыраның” алдында маған министрліктен хабарласып, байланысқа шықты. “Алтын домбыра” айтысына қатысуға ұсыныс жасады. Мен соңғы екі айтысқа қатыспағанымды айтып, үшіншісінен де бас тарттым. Содан кейін менен “қандай ақындар қатысқаны дұрыс?” деп сұрады. Мен “жыл бойы өткізілген айтыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатысатын шығар, ақындардың барлығымен хабарласып көріңіздер” дедім. “Кімдерді ұсынасыз?” деді. Жиырма шақты ақынның тізімін жазып бердім. Оларға министрліктің өкілдері өздері хабарласты. Қатысқандары қатысты, қалғандары Жүрсін Ерман жүргізбесе, қатыспаймыз деп бас тартты. Соның қарсаңында бізді Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдады. Бұл министрліктің негізгі жобасы екенін, алты жыл бойы министрлік өткізіп келе жатқанын, Жүрсін Ерман тек жүргізуші ретінде шақырылғанын хабарлады.

Ал енді “Жас алаш” газетінде жарияланған “айтысты бір топ радикалдар өткізейін деп жатыр” деген әңгімеге келер болсам, радикал деп кімді айтып тұр? Нақты жауабы жоқ. Соған қарағанда, министрлік пен Жүрсін ағаның арасында келіспеушілік болған сияқты. “Суға кеткен тал қармайды” демекші, қолынан жылдың қорытынды айтысы сусып бара жатқаннан кейін, ол кісі айтысты тартып алғалы жатыр деп байбалам салды. Әйтпесе радикал деп кімді айтамыз?! Радикал Айнұр ма, жоқ әлде Сара ма, Жандарбек пе, мен бе? Менің сақал қойғаныма 20 жылдан асып кетті. Ал енді айтысты қатарластарымның бәрі қойып кеткеннен кейін қойдым. Менімен айтысқан Бекарыс, Бекжан Әшірбаев, Айбек Қалиев, Мұхамеджан, Дәулеткерей, ешқайсысы қазір айтысқа шықпайды.

Өзімнің қатарым азайған соң, саналы түрде қойып жатырмын. Жүрсін ағамыз соны алып келіп айтыстан кеткенімді діни сенімге байлап жатыр. Әйтпесе намаз оқып жүргенімізге де он жыл болды, сол он жыл бойы айтыстық. Қазір де үлкен жиын-тойларда айтысамыз. Соған қарағанда, Жүрсін ағаға айтыстың өзінің қатысуынсыз өтуі ауыр тиді-ау деймін. Сондықтан қасындағы ақындардың барлығына “ол айтысқа қатыспайсыңдар” деп бұйрық берген сияқты.

– Қалай ойлайсыз, министрліктің “Алтын домбыраны” Жүрсін ағасыз өткізуі ақындар арасына салқындық түсірген жоқ па?

– Әрине, біріншіден, айтыс деген бір адамның жекеменшігі емес. Жүрсін ағамызды бәріміз бағалаймыз, жақсы көреміз. Қанша жерден сұқбат беріп, бізді іліп-шалып, әртүрлі әңгімелер айтып қалса да, жүрген жерімде Жүрсін ағаның еңбегін, әкемдей қамқорлығын айтып жүремін. Бірақ мен айтысқа шықпасам, ол кісі мені кешірмейді-ау.

Ақындардың арасына салқындық түсіретін не нәрсе? Мұның алдында біз “Нұр Отан” партиясы өткізген бірнеше айтысқа қатыстық. Ол кезде Жүрсін аға ұйымдастырмаған болатын. Сөйтіп Жүрсінсіз өткізген бірнеше айтысқа қатысып қойып, қара тізімге еніп кеткен сияқтымыз. Партия өкілдері, басқа азаматтар бар, хабарласып, айтысқа шақырғаннан кейін “жоқ, Жүрсін Ермансыз бармаймыз” деп айта алмадық. “Жүрсіннің жүйріктері” атанғанмен, Жүрсіннің жекеменшік ақындары емеспіз. Біз елдің, қазақтың ақындарымыз. Қай жерге шақырса, соған баруымыз міндетті. “Жүрсін ол айтысты жүргізбейді екен, оны шақырмапты” деп бас тартсақ, азаматтығымызға да, ақындығымызға үлкен сын болатын дүние. Ал енді Жүрсін ағаның бір ауыз сөзін қимай, онсыз айтысқа шықпаймыз деп жүрген ақындарды да түсінуге болады.

Олар сол кісінің қамқорлығында болғаннан кейін, әкесіндей көргеннен кейін, сол кісінің арқасында бала-шағасын асырап отырғанна кейін ондай қадамға баруға мәжбүр. Сондықтан ешкімді сынамаймыз, әркімнің өз ойы, деңгейі біледі. 16 өңірде өткен айтыстың жеңімпаздарына министрліктен шақыру түсті. Олар өздері бас тартты. Ал кейін 16 жеңімпазды айтысқа қатыстырмады деген ақпарат таратты. Ешқандай айтысқа айтыскерлерді қатыстырмай қою деген әңгіме жоқ.

– Қазір Жүрсін Ерман ағамен араларыңыз қалай?

–Жүрсін ағамен хабарласпағалы көп болды. Соңғы рет бірнеше жыл бұрын туған күнімен құттықтап хабарластым. Оның алдында Еуразия арнасы шақырғанда, ол кісі туралы жақсы хабарға қатысқан болатынбыз. Одан кейін ол кісі мен туралы әр жерде әртүрлі сұқбат беріп, ақылға қонбайтын әңгімелер айтылды. Мен оған ренжіген емеспін. Бірақ адамның сыртынан тон пішіп, жала жауып, қиынсыз әңгіме айтқаны көңілімізге кірбің ұялатты. Сондықтан қазір хабарласпаймыз. “Мен өзім хабарласып, бірнеше айтысқа шақырдым, бірақ Балғынбек діни сенімге байланысты бас тартып жүр” деп әртүрлі айыптаулар айтты. Алайда Жүрсін аға маған тікелей хабарласып, айтысқа шақырған емес. Әйтпесе, әкеміздей адамның сөзін жерге тастамаймыз ғой. “Бет көрсе, жүз ұялады” дейді. Сақалды басын кішірейтіп айтқан болса, біз оны жерге қаратып, кішірейтіп кетпейміз ғой. Айтыскерлер мен жыраулар одағы деген бар ғой, сондағы орынбасарлары хабарласты.

– Ренішіңізді білдіріп, өзіне айттыңыз ба?

– Ол кісі осы уақытқа дейін де ақынды қамшылау үшін әр жерде шымшып-шымшып қалып, айтып қалатын сөздері бар. “Енесі тепкен құлынның еті ауырмас” деп, ол кісінің сөзін елемейтінбіз. Бірақ кейбір сөзі бізден асып, дінге тиіп жатқаннан кейін, намаз оқыған ақындарды радикализмге қиып жібергеннен кейін үнсіз қалуға болмас. Біздің бүкіл болмысымыз, сөзіміз, айтысымыз халықтың көз алдында ғой.

Басымызда тақия, аяғымызда қазақтың етігі, илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Қазақтың айтысына үлес қосып, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жатырмыз. Халықты басқа бір бағытқа сілтеп, алауыздыққа шақырып жатқан жеріміз жоқ, керісінше бірлікке, ынтымаққа шақырғанымыз болмаса. Қай сөзімізден алып, мұндай үкім тағатынын білмеймін. Жала жапқанда да орынды болуы керек қой. Мұсылман болғаннан кейін сабыр етеміз.

Біріншіден, жасымыз кіші, екіншіден, мұсылмандығымыз бар ағаға қарсы шықпайтын. Өзіне жеке шығып айтқан жоқпын. Бірақ артық кетіп жатқан тұстарын өзі де біледі-ау.

….

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Өзімді түзетумен, бала-шағама тәрбие берумен айналысып жүрмін. Ресми қызметке шақырып жатқан жерлер бар, бірақ көңілімнен шығып жатқан жоқ. Ешкімге бағынбай, еркін болғанды қалаймын. Шынымен бір елдің тағдырын шеше алатындай жер болмаса, бес-он тиын үшін біреуге бағынышты болып, өзімнің бүкіл мүмкіндігімді тар аяға салып қойғым келмейді.

– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргүл Абай.

Сұхбатттың толық нұсқасы: matritca.kz

Тақырып өзгертілді. Түпнұсқадағы тақырып: “Тоқал туралы әңгіме болса, мен ғана емес, бүкіл еркек жымыңдап, бойларына қан жүгіріп шыға келеді”

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған