Түрік телесериалына тыйым салынды

Өзбекстанда имамдардың көңіліне жақпаған түрік сериалына тыйым салу арқылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ислам дініне қатысты байсалды саясат ұстанатынын аңғартты дейді зерттеу. Кей сарапшылар қоғамда діндарлардың күш алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Бұл жайында azattyq.org сайтында жарияланды.

Түркияда түсірілген “Таусылмас махаббат” телесериалы – әлемнің 70-тен астам елінде көрсетіліп, көрерменнің көзайымына айналған махаббат туралы хикая. Өзбекстанда “Махаббат қасіреті” деген атпен көрсетілген бұл көркем туындыға радикал мұсылмандар қарсы шыққан. Ислам экстремизмімен күрес аясында дін мемлекеттің қауіпсіздік қызметінің қатаң бақылауында болған Өзбекстанда түрік сериалына қатысты мұндай шешім діни саясатқа түбегейлі өзгеріс енгенін дәлелдейді.

Радикал исламшылар да, байсалды мұсылман ұйымдары да үкіметке бұл сериалға тыйым салу туралы талап қойып келген еді. 1989 жылдан бері Өзбекстанды қатаң басқарып, дінге сенетін мұсылман атаулыға күдіктене қарап келген автократ басшы Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін мұндай өзгерісті көзге елестетудің өзі қиын еді. Каримовтың қазасынан бір жарым жыл өткен соң “Таусылмас махаббат” сериалына тыйым салу арқылы президент Шавкат Мирзияев ислам дініне қатысты жаңаша саясат ұстанатынын аңғартты.

Chatham House орталығындағы Ресей-Еуразия бағдарламасының зерттеушісі Энетт Бордың айтуынша, Мирзияев “салмақты исламның беделін күшейтіп, рөлін арттыруға тырысып жатқан тұста” бұл фильмге тыйым салып отыр. Сарапшының сөзінше, өзбек өкіметі “Таусылмас махаббатты” сынап келген радикал исламшылардың алдында тізе бүккеннің орнына мемлекеттегі ресми ислам ұйымы – Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасындағы байсалды дінбасылардың көңілінен шығуға тырысқан.

Мақаланың толық нұсқасын azattyq.org сайтында оқуға болады.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған