Әлихан Бөкейхан. Жастар, халқымыздың гүлі, үміті сендерсіңдер

Әлихан Бөкейхан – қазақ халқы үшін дара тұлға. Оның айтқандары мен жазғандары біз үшін қашан да өзекті деп есептейміз. Сондықтан, shynyrau.kz оқырмандары үшін Ә. Нұрмұхамедұлының әр кездегі кейбір ойлары мен қанатты сөздерін тағы бір ұсынбақшымыз.


«Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һеш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды… Бірақ (оларды) қозғау керек».

«Жалғызбын, азбын демей, бізден бұрында өтіп кеткен, біз не қылмамыз демей, аспай-саспай, тасымай іс қылса, адам баласының қолынан келмейтін іс болмайды. «Тамшы тас теседі».

«Қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағаңша жерді мұжыққа тиын-сиынға қызығып жалдап қойып, ақыр-соңында сол мұжықтың сиырын бағасың!»

«Көбің әлі жассыңдар. Біздің ақылымыз: мұндағы маржаларға [жезөкшелер] жолай көрмеңдер. Мұнан құтылудың бір шарасы: шаршағанша жұмыс қылу. Өздеріңді өздерің билей алмасаңдар, ауру жұқтырып, бірінші өздерің қор боласыңдар, екінші – елге, үйлеріңе алып қайтасыңдар. Білесіңдер, біздің елде докторлар кем, ауруды жайып, елдің елдігін кетіресіңдер. Мұны ойлаңдар. Халқымыздың гүлі, үміті сендерсіңдер»

«Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».

«Қыр халқы… ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң…»

«Бұрынғы билеушілердің көпшілігі күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті»

«А.Н.Радищев… абақтыға жабылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Оның замандасы, тағы бір газетші, Еуропаға жол ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург бекінісінде 15 жылын өткізді. Ахмет және Міржақып бауырларым! Сендерді қамаған түрме – Радищев пен Новиков отырған түрме. Ресейде ең болмағанда бір рет тұтқында болмаған саналы адамдар санаулы-ақ. Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов сықылды жазушылар да түрмеде отырды…. Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдауға кетті…»

«Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі сонікі»

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған