Ирина Бекзатқызы: Мақсатымыз – жер-су, елді мекендерге байырғы атауларын қайтару

Еліміздің тарихы, әсіресе тарихи-географиялық атаулардың ұмытыла бастауы бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі. Шешілмей тұрған мәселелер көп-ақ. Дегенмен, байырғы атауларды қайтару үшін жекелеген адамдардың емес, ғылыми талданған мәліметке сүйенген ұтымды жол болмақ. Осыған орай, жер-су атаулары өзгерісінің тарихи себептеріне үңілу үшін жас ғалым, Астанадағы Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызымен аз-кем сұхбат қылдық.

– Ирина Бекзатқызы, еліміз бойынша кезінде түрлі себептерге байланысты түпкі атауы өзгеріп кеткен жер-сулар жайлы зерттеп жүрсіз екен. Зерттеу тақырыбыңыз бүкіл Қазақстанды қамти ма, әлде бір өңірді ме?

– Әрине, негізгі мақсатымыз Қазақстанды толық қамту. Дегенмен, жұмысымыз жүйелі болу үшін, әрі уақытымызды тиімді пайдалану үшін жеке-жеке аймаққа бөліп, зерттеп жүрген жайымыз бар. Қазіргі таңда негізгі күш Ақмола облысының байырғы атауларына жұмсалып жатыр.

– Сондағы зерттеу жұмыстарының реті қалай?

– Алдыменен мұрағаттардағы мәліметтерді іздейміз. Саралаймыз. Былтыр облыс бойынша бірқатар аудандарына экспедициялық сапар жасап қайттық. Сондай-ақ, бізге дейін жазып-зерттеп кеткен үлкен ғалымдарымыздың еңбектерін пайдаланып жүрміз.

– Мысалы?

– Бір ғана Клара Әмірқызының артынан қалдырған зерттеу-еңбектерінен көп нәрсе алдық. Басқа да ғалымдар бар.

– Жөн-ақ. Енді елорданың Ақмола атауы жайында сұрағым келіп отыр. Бәріміз жалпылама білсек те, нақты қандай мола екені жайында хабарымыз жоқ-ау.

– Бұл Абылай хан заманының батыры әрі биі Ұзын қыпшақ Тілеуұлы Нияздың ақ кірпіш-тастан соғылған сонадайдан көзге түсетін кесенесі. Ақмола – 13 – 14 ғасырларда тұрғызылған сәулетті күмбез. Тастан, күйдірген кірпіштен тұрғызылған мұндай күмбездер Есіл мен Нұра өзендері бойында (Көктам, Сұлутам, Сырлытам, т.б.) көп. Ақмола, Қаракеңгір бойындағы Домбауыл кешені солардың ескі түрінің бірі десек қателеспеспіз.

– Астанадан алыс емес Ақмол дейтін елдімекен бар…

– Ия, бұл сөз «Ақ мол, ә?» деген сөзден шықты деп, негізсіз болжам жасағандар да бар. Ақыры осы сөздің әсерінен Астананың түбіндегі Малиновка ауылы (АЛЖИР) «Ақмол» атанып кетті. Ал шындығында ол жердің тарихи атауы Қосқопа екен.

– Қызық.

–  Ары қарай жалғастыра берейін. Дәл осы Ақмолдың әкімшілік территориясына кіретін (Целиноград ауданы қазіргі) Тайтөбе деген ауыл бар. Бұл сөздің мағынасы ерте заманнан өз шешімін табады, себебі «тай» сөзі ертеде қарауыл төбе қызметін атқарғанын білдіреді. Қазақ тіліндегі «тай» сөзінің түпкі мағынасы «биік, дөңес шатыр» деген сипатта. Осыдан келіп «тай» сөзі күзет орыны, қарауыл қарайтын жер, қарауыл басы деген мағынада дамыған. Бұл жөнінде Тарихшы Ж.Артықбаев: Қазақ жеріндегі «тай» сөзі қолданылған жер атауларының негізгі бөлігі «қарауыл төбе» тарихи мағынасын сақтап қалғанын Шу өзеніндегі атақты Тай өткелінен де аңғаруға болады. Бір жағы Ібір-Сібір, бір жағы Түркістан өңіріне жалғасқан керуен жолы осы өткелмен өтеді. Ендеше Бетпақтан шығатын қыл көпірдей жолдың Шудан өтетін тұсы сауданы жүргізуге мүдделі, қандай да болмасын мемлекеттің қарауыл жасағының бақылауында болуы заңды емес пе?! –деген пікір айтады.

– Зерттеулеріңізде халық ішіндегі аңыз-әңгімелерді де қарастыратын шығарсыз.

– Әрине. Мысалға,  Қараөткел атауы туралы мынадай бір аңыз бар: Сол маңдағы Айдабол мен Молақ өңірінен Жыланды бағытына бару үшін Зеренді тауларынан басталатын өзен суынан кесіп өту керек болыпты. Тұрғындар қанша мәрте көпір салғанымен су тасқыны оларды жылда шайып кететін көрінеді. Жолаушылар өзенді бойлай жүріп өзеннен өтетін өткел іздейді екен. Сөйтіп, жол азабын әбден тартқан жолаушылар бұл аймақты Қараөткел ауылы деп атап кетсе керек. Әрине, бұл тек аңыз ғана.

Қараөткел атауындағы «өткел» сөзі бәріне түсінікті, яғни түбімен жүріп өтуге болатын өзеннің суы таяз тұсы.  Ал, «қара» сөзі топонимдік атаулар жасауда жиі қолданылып, кейде өзінің тура мағынасында заттың түр-түсін білдірсе, кейде «үлкен, зор» деген мағынаны білдіреді екен.

– Ерейментау дейтін жер бар. Осы жайында да тоқталып кетсеңіз.

– Бұл ретте нақты айту қиын. Тек бірді-екілі мәліметті ғана келтіріп кетейін. Ақмолалық журналист А. Дубовицкийдің «Родина помнит» жазбасы бойынша бір кездері тау «Қартау» аталған. Жоңғар батырымен жекпе-жекте қазақ батыры Бөгембай жеңіске жетеді. Ері алтынмен және қымбат тастармен көркемделген жоңғар батырының аты ерімен қашып кетеді. Бөгембай батырларына ерді табуға бұйрық береді. Бұл туралы кітапта былай делінген: «Батыр Жантай забрался на вершину скалы и хотел уже с горя броситься вниз на острые камни, как вдруг увидел внизу, в ущелье, черного коня. – «Еремень! Еремень!» Этот возглас Жантая означал: «С седлом! (Ерімен) С седлом! (Ерімен)». Коня привели к Богембаю и вручили ему седло джунгара. Полководец одарил богатыми дарами воинов, а Кар-Тау в честь победы повелел называть Еремень-Тау. Ал, Қоңқашпаевтың пікірінше, атау монгол тілінің эрэ (ер) және эмэ (әйел) сөздерінен шыққан. А. Абдрахманов 1975 жылы жарық көрген «Топонимика и этимология» еңбегінде «Бұл атау тау тастарының ер мен әйелдің бейнесін еске түсіруінен шыққан болуы мүмкін» деген пікір айтады. Қойшыбаевтың сөздігінде бұл сөзге түркі-моңғол тілінің «арайман» (жарқыраған деген мағынада) сөзіне қазақтың «тау» сөзі қосылған деген этимология берілген.

– Астанадан 200-дей шақырым жерде Атбасар дейтін қала бар. Кезінде бұл жерде ат базары болғаннан кейін осылай аталып кетті деген әңгіме естігенмін. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Расымен де, ондай әңгіме бар. Атауын көпшілік ертеден белгілі Атбасар базарымен байланыстырып, «ат базары» деген сөзден шыққан деп жорамалдайды. 1880-жылдан бері ғана белгілі болған Атбасар жәрмеңкесінде жылқыдан бастап төрт түлік малдың бәрі де сатылған. Бірақ,  деректерде Атбасар атауы жәрмеңкеден, яғни «Ат базарынан» 120 жыл бұрын бар екенін көруге болады.

Атбасар атауы жөнінде тағы бір дерек бар: 1822-жылғы патшаның Сібір қырғыздарына (қазақтарына) арналған заңы бойынша хандық жүйе жойылып, округтер ұйымдастырылған. Осы кезде бекіністер мен станицалар салуға жер бөлінеді. Бұрынғы № 96 бекеттің орнына 1845-1846 жылдары станица салуға жер өлшеп жүрген землямерлер Жабай өзенінің сол жақ жағалауында қой бағып жүрген бір қазаққа кездеседі. Осы жердегі қыраттың басында жалғыз ғана мазар болады. Төңіректе басқа белгі болар ешнәрсе көрінбегендіктен землямер қойшыдан: «Бұл жерде жерленген адамның аты кім?» – деп сұрайды. Қойшы оған: «Аты – Базар» деп жауап береді (бұл мазарға сол кезде Атбасар жерін жайлаған найман руының атақты бір адамының шешесі ел көшіп жүргенде қайтыс болып, жерленген екен). Землямер осылайша «аты –Басар болса, солай болсын» деп, станицаға берілетін жердің атын «Атбасар» деп жазған екен – деген ел арасында аңыз сақталған.

Тағы бір аңызды жазушы Сейітжан Омаров жазып кеткен. Атақты Асан қайғы бабамыз желмаясымен жортып, ұрпағына жерұйық іздеп жүргенде, Есілдің бір саласы осы өзенді көріп: «Шіркін сен де ат тұяғы басуға жарар жер екенсің, сенің атың Атбасар болсын» деп ат қойып кетіпті – мыс.

Осындай аңыз-әңгімелер көп-ақ. Ендігі мақсатымыз бәрін саралып, ғылыми зерттеп, байырғы атауларды табу. Мүмкіндігінше сол атауды елді-мекенге заң жүзінде қайтару.

– Ісіңіз сәтті болсын. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Р.Шахымұранұлы

Shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған