Вице-министр: Жатақханаларды студенттердің өздері салады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынатын 75 мың орындық жатақхана құрылысына студенттер де тартылады. Бұл туралы бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына байланысты бүгін бірқатар кездесу өткіздік. Түске дейін сарапшылармен кездесіп, ақылдастық. Себебі Мемлекет басшысы бұл бастамаларды жүзеге асыру барысында халықпен кең талқылауды тапсырған болатын. Талқылау барысында бұл үрдіске жастарды кеңінен тарту мәселесіне айрықша назар аудардық. Өйткені, жатақханаларды жастардың өздері-ақ сала алады. Сол арқылы бір жағынан жастарды жұмыспен қамтысақ, екінші жағынан жатақханаларды салу барысында жастармен ақылдаса отырып, оны барынша қолайлы жасар едік. Бұған қоса, жастар табыс та табады», – деді вице-министр С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте өткен Қазақстан жастары форумы барысында.

Оның айтуынша, қазір еліміздің әрбір аймағында «Жасыл ел» жасақтары бар. Мәселен, былтыр аталған ұйымның 24 мыңнан астам жасы жұмыс істеді. Мұнан бөлек, көптеген аймақтарда құрылыс отрядтары жасақталған.

«Олардың барлығы да жұмыс істеуге дайын деп ойлаймын. Сондықтан ол жастарды жұмысқа тартқаннан ешім ұтылмайды. Қайта жастардың өздері ұтады. Өздері тұратын болғаннан кейін жатақханалар да сапалы салынады», – деді вице-министр.

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған