Шәкір Әбеновтің қырық серкеш туралы әңгімесі

Ш.Әбенов мұражай-үйінің зал қараушысы Гүлназ Мырзаханова:

Аймағының абызы атанған Шәкір атамен біз сол бір жылдары құдайы көрші болдық. Атаның бәйбішесі Серікбүбі апа мен менің әкем бір рудан еді. Ол кезде әкем марқұмның көзі тірі кезі. Ал, менің балалық шағым болатын. 
Бір күні біздің үйде шай үстінде ақынның қызы Сана әкеме әзілдеп:
– Нағашы! Маған қашан қырық серкешімді бересің? – деді. Сол кезде Шәкір атамыз жарықтық: – Сенің алатын серкешің қырық серкеш емес, қырқылған серкеш болар, – деп мырс-мырс күліп, әңгімесін бастады.
«Өткен бір заманда сараң бай болыпты. Сол байдың бір қушыкеш жиені бар екен. Күндердің-күнінде әлгі жиені сараң нағашысының үйіне қонаққа келеді. Жиені бәйгеден озып келгенін айтып, сүйінші сұрайды. Ертеңінде жиеннің қайтар уақыты болды. Далаға шығып бара жатқан ұлына бай: «Қотанның бұрышында тұрған қырқылған арық серкешті бер» – дейді. Ұлының құлағының аздаған мүкісі бар екен. Ол әке сөзін дұрыс ести алмай, жиеннен: «Әкем қандай серкешті айтты?»-деп сұрайды. Сол кезде қушыкеш жиені табан астында қулыққа басып: «Әкең саған семіз қырық серкешті таңдап, менің алдыма салып бер» – деді», – дейді. Сонымен өзінің қулығын асырып, жиені ешкілерді олжалап алып кетіпті. Соңынан санын ұрып, сараң нағашысы аһ ұрып қала беріпті. Сол қушыкеш жиеннің арқасында жиендер нағашысынан қырық серкеш алатын болыпты», – деп әңгімесін аяқтады.
Шәкір ата айтқан осынау әңгіме әлі күнге дейін балалық шақтың жарқын естелігі болып санамда сақталып қалыпты.

Анар Сәрсенбина
shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған