Базар жағалаған 70-дегі әже: Барлығы да бұл жерде еріккеннен жүрген жоқ

“Менің есімім Базаргүл. Жасым 70-те. Біз Қазақстанға осыдан 12 жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келгенбіз. Алғаш келе салған кезде Үшқоңырдан ары саяжайдан мемлекет берген ақшамен жер алып, орналастық. Қазір сол жердегі үйде жолдасым мен ұлым және келінім, екі немерем болып тұрудамыз.

Шалым көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалған. 5 жыл аурухана төсегінде жатып, қазір үйде. Бір ұлым бар. Екі немерем бар. Немерелерім әлі кішкентай, мектепте оқиды. Біреуі 11 сыныпты аяқтап, жұмыс істейді. Өзімнің туған ұлым 2 сыныпта қолынан айырылып мүгедек болып қалған. Мүгедек болғанына қарамастан үйленіп, бала-шағалы болды. Келінім  Шамалғандағы поезд бекетінің жанында орналасқан асханада жұмыс жасайды. Үш күнде бір рет барып отырады.  Айына алатын ақшасы 20 мың теңге.  Қазіргі қымбатшылық уақытта 20 мың теңге дегеніміз ақша ма?!

Мен шалымның басына түскен ауыр жағдайдан соң, 25 жылдай шошқа фермасында істедім. Ол кезде әлі Қарақалпақстанда тұратын едік. Мектепті бітірген соң мамам қайтыс болып, оқуды жалғастыратын мүмкіндік болмады. Сол үшін де осындай түрлі жұмыстар істеп, зейнеткерлікке шықтым. Өмір бойы қара жұмыс істеп, міне, зейнеткерліктен  соң да әлі жұмыс істеп жүрмін. Бәрі бала-шағаның қамы ғой. Үйдегі екі мүгедек жан болғандықтан да алатын зейнетақы мен келіннің алатын аз ғана айлығы ештенеге жетпейді.

Мен көрген қиындықты қазіргі жастар көрмесін. Өзімнің бауырым ауыратындықтан да дәрі сатып аламын. Оның өзіне біраз қаржы кетеді. Біз тұратын жерде аурухана болмағандықтан мемлекеттен тегін дәрі ала алмадық.  Немерем үйленіп, 300 мың теңгедей қарыз алған едім. Қазір сол қарызды қайтарып жатырмын.

Таңертең маршрутпен жалғыз өзім келемін. Қыстың қатты аяздары болмаса, күнделікті  осы жердемін. Осындай тағамдар, карточка, бұрыш сияқты тамақ істеуге анау-мынау нәрселер жинаймын. Оны мынандай қорабқа салып, үйге әкетіп отырамын.  Осындай істер менің күнделікті жұмысым.

Мен сияқты осындай заттар теретіндер көп.  Жаңа ғана бір әжең дәретханаға кіріп кетті. Оларда күнделікті осы жерге келіп, дәл мендей тамақтар теріп аламыз.  Олардан да сұхбат алсаң болады. Барлығы да бұл жерде еріккеннен жүрген жоқ. Амалсыздан, күнделікті күйбең тірлік қамын жасап жүргендер”.

Түйін. Базаркүл әже сұхбат барысында бізден қашқақтап, өзінің осындай жағдайға түскеніне ұялатынын айтты. «Балаларым ұрысады ғой, сендер бәріне жеткізіп жүрмеңдер» деп арасында сөйлеуден бас тартқаны тағы рас. Бірақ, қазіргі қоғамның, қарапайым халықтың басында бар жағдай, бұл. Алтын Орда базарында жүрген Базаркүл әже секілді қарт әжелер мен аталар аз емес. Қартайған шағында қоқыс ақтарып, қалдық теріп, күн кешіп жүргеніді кім қалады дейсің..

 

Көгершін Тілеген
Фотоға түсірген: Әсел Бейсембаева
abai.kz порталында жарияланған материалдан үзінді.
Түпнұсқадағы тақырып атауы: Базардағы қазақтардың бүгінгі халі

 

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған