Қабдеш Жұмаділов: «Түп-тұқиянымнан өзіме дейін» бұл қып-қызыл өтірікке кұрылған кітап

Тәуелсіздік алған соң, жазушыларға көп еркіндік берілді. Кім нені жазамын, қалай жазамын десе де рұқсат. Еркіндіктің екі қыры бар. Жақсы жағы да, жаман жағы да. Еркіндікті пайдаланып, әркім өз ата-бабаларын мақтап, батыр етіп, би етіп, дана етіп көрсетуге тырысқандар да жеткілікті. Олар ақша беріп, каламы жүйрік журналистерді, жазушыларды жалдап, қойыртпақ дүниелер жасауға көшіп алды.

Маған да бірнеше қалталылар келді. Бір дорба ата-бабасынын, әулетінің суреті бар, шежіресі, анасы-мынасы бар. «Сіз тарихты жетік білетін, қаламы ұшкыр халық жазушысысыз, жазып бере қойыңыз» деп карап тұр. Онымен қоймай «қазір жазушылар қаржыдан тарығып жүрген заман ғой, нәпақа болады» деп үстелдің бір шетіне 10-15 мың долларды тастай салысты. Ақша жақсы ғой. Бірақ келісім бермедім. Ертең ол кітаптың мұқабасында менің аты-жөнім тұрады ғой. Ұят емес пе? Халык жазушысы, кім-көрінгеннің ата-бабасын жазып кетті деген сөз қандай жаман. «Ренжімендер, мен бүгінге дейін тапсырыспен шығарма жазып көрген жоқпын. Не жазсам да өз қалауыммен көкейімдегі дүниені ақ қағазға түсірдім. Тек осындайға бейімделген жазғыштар көп қой, соларға барыңдар» деп шығарып салдым.

Өзгелер жазсын, жазбасын демейсің. Бірақ бір әулеттің сойылын соғамын деп, халықты адастыратым дүниелерге жол беруге болмайды. Өйткені тарих – өте кірпияз дүние. Болмағанды болды деп тықпалай беруге болмас. Қазір тарихта аты қалмаған белгісіз батырлар, билер жөнінде жазылған дүниелерден аяқ алып жүргізсіз заманға тап болдық. Әрине жоңғар шапқыншылығы кезінде халықтан көптеген батырлар шықты. Оған дау айта алмайсың. Онбасы болған шығар, жүзбасы болған шығар. Бірак бәрін бірдей қол бастады, сардар болды дел атауға болмайды. Қатталған тарихта белгілі ғой, кімдердің хан болғаны, кімдердін қайқы қылышын қолына ала сала «елім, жерім» деп жоңғарға тап бергені. Бәрі жұртка мәлім. Бірақ жоқ жерден данышпан, қолбасшы, батыр жасау кімге керек?

Кезінде осындай жалған тарих жасауға ұмтылғандармен дауға да араластым. Онда да жеке басым үшін емес, иісі қазақтың тарихы үшін.

Естеріңде болар, «Түп-тұқиянымнан өзіме дейін» деген кітап болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1993жылы. Қағаздың қат кезі. Сол кезде қазақтың атақты қолбасшысы болған Қара Керей Қабанбай сардар жөнінде жазылған «Дарабоз» атты шығарманың бірінші томын шығартумен жүргенмін. Қағаз жоқ. Әрең дегенде кітап емес, газет басатын қағазбен әупірімдеп бес мың данамен жарық көрді. Ал іші қып-қызыл өтірікке кұрылған, қазақтың тарихын бұрмалаған әлгі «Түп-түқиянымнан өзіме шейін» деген кітап үш жүз мың данамен жарық көрді. Үкіметтен үлкен қолдау көрді. Әйтпесе ол кезде ешкім де үш жүз мың данамен шыға алмайды.

Оқып жіберсем, сұмдық. «Дарабозда» сол он сегізінші ғасырда болған оқиғаларды жазып отырмын. Қаншама дүние ақтардым, қаншама уақытты сарп етіп, мұрағатта отырдым. Мендегі оқиға басқа, әлгі кітаптағы оқиға мүлде басқа. Қаным басыма тепті. Сонда да оқып шықтым. Сосын жағамдыұстадым. Өйткені кітапты жарыққа шығарғандар, халықтан сүйінші сұрады ғой.

«Бәленбайыншы ғасырда Казыбек бек Тауасарұлы деген дана кітап жазып, ол бәленбай жыл жер астында көмулі жатыпты. Соны тауып алдық. Міне, сеңдерге керек тарих осында қаттаулы тұр» деп. Сұмдық-ай деуімнің себебі бар, әлгі кітаптағы жазу мәнеріне, стиліне қарасам, он сегізінші ғасыр тұрмақ он тоғызыншы ғасырдағы Абай мен Ыбырай Алтынсариннің жазғандарына жақын келмейді. Ол бүгінгі, соның ішінде «Социалистік Қазақстанның» қасаң тілімен жазылған. Өте бір шалағай дүние, өз аталарын мақтау, өзгелерді төмендету. Сондай қойыртпақ. Сол кітапта «өткенде жазып берген өлеңдеріңді жоғалтып алдым, тағы бір өлеңдер жазып берші» деп Бұқар жырау Қазыбек бек Тауасарұлына жалынып жүрген бір пенде. Ау, Бұқар жырау сондай деңгейдегі адам ба, еді? Оның өзі көл-көсір дүние шығарған жырау емес пе? Мұндай да масқара бола ма? Қабанбай батыр өз інісімен бір түйеге таласып жүрген, дүниеқоныз біреу. Атышулы Бөгенбай батыр қолтоқпақтай жан. Көкесі-ау, өз тұқымыңды дәріпте, бірақ тарихи тұлғаларды солардың көлеңкесінде қалатындай етіп, қорламау керек қой.

Абылай бір күңнен туған кұл екен. Оны Төле би ұрлап алып, Көркем Уәлидің баласы болмағандықтан соған беріпті. Атақты Қаз дауысты Қазыбек би де бір баланы ұрлап алып, Абдоллаға береді. Ол болашақ Жолбарыс хан еді. Ойлары төреден емес, ханды қарадан шығару керек екен. Бірақ әлгілер төренің бауырында өсуі керек. Қызығын қарасаңшы, бірі күңнен туған, бірі жылқышының баласы, олар өскен соң ержүрек, батыр, ел бастаған данышпан хан боларын әлгі билер алдын ала қалай біліп қойған десеңші.

Сол мақалада айтқаным бар-ды, «Бала ұрлау Еуропадан емес, орыстардан емес, бізден шығыпты. Оған атақты билеріміз жол салып беріпті» деп. Бұқар жыраудан баска, Қаз дауысты Қазыбек, Қабанбай, Бөгенбайлар «бізді де қағазыңа жазып, тауарихта қалдырсайшы» деп Тауасарұлына жалынып жүреді…

Демек, осының жалған екенін айту керек болды. «Шындықты айтайық, талқылайық» десем ешкім үндемейді. Жазушылар одағына бардым. Ол кезде Қалдарбек Найманбайұлы одақтың төрағасы. «Ойбай, бұл тарих қой, анау-мынау» деп ат-тонын ала қашып, ақыры «тарих институтына барсаңшы, солар жөнін айтар» деп шығарып салды. Ертесінде Манаш Қозыбаев басқарып отырған мекемеге бардым. Кітапты ала барғам. «Мынаны оқыдыңыз ба?» дедім амандық-саулықтан кейін. «Оқыдым. Қазір осындай өтірік дүниелер көбейіп кетті, не істерімізді білмейміз» деп шағына сөйледі. «Одақпен бірігіп талқылайық. Одақтан баяндамашы мен болайын, сіз біреуді шығарыңыз. Бұл – тарих алдындағы, халық алдындағы масқара іс. Соның алдын алайық» десем, «Осындайлардың бәрін жинап, үлкен конференция жасайық деп отырмыз. Шыдаңыз» деп шығарып салды.

Сөйтсек, ол кісі де бұл кітапты талқылауға тісі батпай отыр екен. Кітап артында азулы топ барын білетін Манаш аға содан қаймығады екен. Содан амалсыз, көлемді мақала жазуға отырдым. Отыз беттік мақала даяр болды, «Қуыршақ хандар мен алдамшы билер туралы немесе бір шежіренің кұпиясы» деген. 1993 жылы 5 қараша күні «Қазақ әдебиетінің» үш бетіне жарияланды. Оған дейін әлгі кітапты біреулер тарихи кұжатқа айналдыра бастаған. Осы маңайдағы мектептерге оқыта бастады. Бұл жалған тарих қой. Сол мақаламда «Мына кітап он сегізінші ғасырда жазылса, онда қазақ романы сол кезде туды деу керек. Үлкен сенсация – осы. Неге сүйінші сұрамайсыңдар?» дедім. Жалған кітап екені бесенеден белгілі. Өйтіп тарихқа қиянат жасауға болмайды. Халық мені қолдады. Ақыры әлгі кітапты жарнамалау тоқтады. Үлкен бір өтіріктің жолын кескеніме разымын. Қазір де неше түрлі сорақы дүниелер шығып жатыр. Бірақ қайсысымен алысасың, қайсысының жолын бөгейсің. Мәселен, Райымбек батырдың да туған жылы қате көрсетіліп жүр. Әдейі. Қалайда оны «Актабан шұбырынды кезінде ерлікпен соғысты, елін қорғады» деп дәріптеу үшін. Оның батырлығына дау жоқ. Елін, жерін қорғаған батыр. Бірақ ол дәл сол тұста өмірге келген жоқ. «Ақтабан шұбырынды» кезінде оның атасы Ханкелді Қабанбайлармен тізе түйісіп, жоңғарға қарсы аттанған. Немересі атасынан кем дегенде 40-50 жас кіші болмай ма? Кесене басындағы жазуда керісінше Райымбек атасы Ханкелдіден 16-17жас қана кіші болып жүр. Бұл ақылға сыя ма? Тізе берсек, жетеді…

«Айқын» газеті, 25-қаңтар 2013 ж
арнайы shynyrau.kz үшін дайындалды

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған