Сарыағаштағы «зорланған бала» Астанаға баратын болды

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиева Сарыағаштағы «зорланған балаға» қайтадан кешенді және тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізіледі деп мәлімдеді. Уәкіл бұл туралы 15 наурызға қараған түні Шымкенттегі ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратының алдына шығып, журналистерге сұхбат берген кезде айтқан.

Балиеваның сөзінше, бала құқықтары жөніндегі уәкілдіктің әр аймақта мониторингтік тобы бар. Аймақтағы топ баланың жағдайын анықтаған.

– Мониторинг топ баламен бірден жолыға алмады. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік органдармен сөйлестім. Олар кешенді, тәуелсіз сараптама жүргізуге дайын. Баланы өз көзіммен көріп, жағдайын білу үшін Шымкентке келдім. Қазір ол қауіпсіз жерде. Баламен бірге әжесі және нағашы әпкесі жүр. Баланың анасымен сөйлестім. Ертең олар менімен бірге Астанаға барады, – деді ол.

Бәлиеваның айтуынша, баланың тынығуы үшін барынша жағдай жасау керек. Себебі алда жүргізілетін сараптамалар бала үшін қосымша салмақ.

Уәкіл баламен психолог жұмыс жасап жатқанын, балаға қашан сараптама жүргізуге болатынын психолог шешетінін айтты.

14 ақпанда ОҚО ішкі істер департаменті Азаттыққа Шарипа Батырбекова мен жиені кәмелетке толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығына жеткізілді деп хабарлаған. Бірақ бұл ақпаратты баланың туыстары жоққа шығарған. “Сексуалдық зорлыққа ұшырады” деп сипатталған жеті жасар баланың нағашы әпкесі “Шымкенттегі қонақ үйдің бірінде отырғанын” хабарлаған.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жасар жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте “ұрып, зорлағаны” туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан.

Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан. 14 наурыз күні Батырбекова мен жиенін полиция ұстағаны хабарланған. Жергілікті қоғам белсендісі Дінмұхамед Артықовтың айтуынша, Батырбекова мен оның жиенін сәрсенбі кешкі сағат 20.00 шамасында Шымкент вокзалынан Алматыға жүрейін деп тұрған жерінен жиырма шақты полицей күштеп алып кеткен.

Дереккөз: azattyq.org

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған