«Бүйрегімді сатамын, ең бастысы ақшаны берсеңіздер болды»

Соңғы кездері бүйрегі мен бауырының бір бөлігін келісілген ақшаға «ойланбастан» айырбастайтын азаматтардың қатары көбейген. Өйткені елімізде трансплантация жасатуға кезекте тұрған 3 мыңнан астам адам бар. Олардың барлығына бірдей донор болуға дайын туыстар табыла бермейтіні түсінікті. Осы тұста «екіжақты пайдалы бизнес» қаржысы бар болғанымен, өмірге қауқары жоқ адамға үміт сыйлап, дені сау, бірақ тұрмыстың қиындығы қажытқан тарапқа тығырықтан шығар жол көрсетеді. Интернетте жарияланған осындай хабарламаларды біздің де көзіміз шалып, олардың бірқатарына хабарласып, бүйректен оңай бас тартуға не итермелегенін сұрадық.

Телефондағы әңгіме #1: 
«Бүйрегімді сатамын»

«Бүйрегімді сатамын». Хабарландыру иесі осылай қысқа қайырыпты. Өзі туралы телефон нөмірінен басқа дерек қалдырмаған. Хабарластық. Телефонды Асқар (есімі өзгертілген) деген жігіт алды. Астаналық азамат екен. Жасы – 22-де. Басындағы мәселесін толық баяндамаса да, «бір шаруаға қажет болып тұр» деді. Медициналық тексерістерден өтпеген, бірақ денсаулығы жақсы қалыпта екеніне сенімді. Бүйрегін 100 мың $ бағалады. «Төлемді алдын ала жасау керек» деп ескертті. Астанаға келсек, кездесуге дайын екенін айтып, мекен-жайына дейін берді.

Телефондағы әңгіме #2: «Қарызымды қайтарсам болды…»

Тағы бір азаматтың жасы – 21-де. Әкесі жоқ. Анасы мен інісі және қайтару уақыты әлдеқашан аяқталған қарызы бар. Тура 2 млн 450 мың теңге. «Бүйрегімді 2,5 млн теңгеге беремін деп отырмын. Үстінен қалған 50 мың теңгені ғана өз пайдама жаратамын. Қалғаны түгел қарызға. Маған артық ештеңе керек те емес» деп тұр. «Жақындарыңыз біле ме? Қарсы болмай ма?» деген сауалға, «Көндіріп аламын. Ең бастысы, ақшаны берсеңіздер болды» дейді.

Телефондағы әңгіме #3: «169-бапты ұмытпаңыз!»

Телефонды келесі көтерген азамат алдыңғыларына қарағанда сақ болып шықты. «Сізбен хабарландыру бойынша байланысқа шығып тұрмыз» десек, «Мен ондай хабарландыру берген жоқпын» деп кесіп айтты. «Онда қателескен болармыз, «бүйрек сатамыз» деген жерде сіздің нөміріңіз тұр екен. Жақсы, кешіріңіз» деп тұтқаны қоюға оқталғанымызда, ол «Сіз 169-бапты білесіз бе? Қазақстанда адам органдарын сату және сатып алуға тыйым салынған. Ол үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға болады» деген ескерту жасады. Жауабымызды күтпестен, «Негізі, мұндай мәселені телефонмен емес, хабарлама жазып келіскен дұрыс. Телефонда тыңдайтын құрылғы орнатылған» деген кеңесін де аямады. Делдал екенін жазбай таныдық. Заңсыз саудаға қатысы жоқ екенін дауыстап айтып тұрса да, емеурінмен «маған жазыңдар» деген белгі бергендей болды. Жазбадық. Сәлден соң, басқа нөмірден қайта хабарласты. Бүйрегін сатуға дайын адамның нөмірін жіберетін болды. Бір-екі белгісіз нөмірлерді жолдады да. Одан кейін де бірнеше рет хабарласқанын көріп, бізді уысынан шығарып алмауға шындап кіріскенін түсіндік.

Телефондағы әңгіме #4: «Қартайғанда үйсіз қалғым келмейді»

Әлия (есімі өзгертілген) есімді әйелдің жасы 37-де екен. Тұрмыс құрмаған, балалары жоқ. Үлкен қалада пәтер жалдап тұратын азамат қартайғанда өз үйі болғанын қалайды. Бірінші науқас адамды көріп, дәрігерлермен тілдесіп, тапсырыс берушілердің «адал азаматтар» екеніне көз жеткізген соң, әрі бүйрегі сәйкес келіп, мұқтаж жанның сауығып кетеріне кепіл берілсе ғана келісімге келетінін айтты.

 

Айқын газетінде жарияланған мақаладан ықшамдалып алынды

 

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған