Ардақ Елеусіз: “Мен қазақпын” жобасындағы басты мақсатым – күйімді халыққа жеткізу еді

Қазақтың ұлттық өнерін насихаттауға арналған “Мен қазақпын” тележобасы көптің көңілінен шыға білді. Ел-жердегі өнерпаздар қалың бұқараға таныстырылып, өз өнерлері арқылы жоғағы бағаға ие болды. Осылардың қатарында жобаның жеңімпазы, жас күйші Ардақ Елеусіздің орны ерекше. shynyrau.kz сайты өз оқырмандары үшін жеңімпазбен аз-кем сұхбат жасап, жоба туралы ойың білген еді.

– Әуелі жобаға іріктеу жайында айтып өтсең. Қалай болды?
–  Іріктеу оңай болған жоқ. Өйткені Ақтөбедегі қатысқан өнерпаздар осал емес. Күй номинациясының байқауы тартысты болғаны соншалық, үш домбырашыны қайта-қайта тыңдады. Ақырында бап шаба ма, бақ шаба ма дегендей, халықтың бағасымен, қазылар алқасының шешімімен сол кезеңде үздік деп танылып, телевизиялық байқауына жолдама алдым.

– Енді келесідей сұрақ қойғым келіп отыр. Өттің, келдің Астанаға. Алғашқы кезеңге қатыстың. Дәл осы кезде қандай сезімде болдың? Қандай күй тарттың?
– Алғашқы кезең болғандықтан қорқыныш басымдау болды. Телевизиялық жобаны барлық халық көретін болғандықтан, барынша жақсы өнер көрсетуге тырыстым. Ойлағанымдай болды бұл кезең. Себебі мен өзім сүйіп орындайтын күйімді сахнаға алып шықтым. Он жыл білім берген ұстазым Еділ Басығараев барлығына белгілі қазанғаптанушы, күйші Бақыт Басығараевтың ұлы. Осындай ұстаздан тәлім алғасын алғашқы кезеңде Қазанғаптың “Күй шақырғыш Ақжелең” күйін орындадым.

– Әділқазылар алқасы өзің жайлы жақсы пікірлер айтып жүрді. Өзінің есіңде қалғаны қайсысы?
– Қазылар алқасында елге танымал аға-апалар, профессорлар отырды. Әсіресе Мырзатай Жолдасбековтың өзі неге тұрарлық?! Алдында өнер көрсетіп көңілдерінен шықтым деп ойлаймын. Алғашқы кезеңде-ақ жақсы пікір естідім. Есте қалған пікірлер де сол кезде болды. Шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбай бір пікірінде: “Кейбір жағдайда Ардақ маған конкурент болып жүрген жайы бар” десе, жыршы Ұлжан Байбосынова: “Сенің жаңа қолың емес, жүрегің тартты деп есептеймін” деген пікірлер қатты әсер берді! Және де қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: “Осы жобаның басты жаңалығының бірі сен боласың ба деп ойлаймын” деген пікір айтқан болатын. Бұндай пікірлер келесі кезеңдерге одан да жақсы дайындалуға стимул болды.

– Тамаша. Енді келесі сұрақ, жобаның қызған шағында, орты тұсында жеңіске жетемін деп ойладың ба?
– Жобаның ортасына келгенде жеңемін не болмаса жеңілемін деген ой болған жоқ. Барлық нәрсе аяқ астынан ғой… Басты мақсат күйімді халыққа дұрыс жеткізу болды.

– Финал жайлы айта отырсаң…
– Финалдағы шарт бойынша ансамбльдің сүйемелдеуімен күй орындайтын болдық. Дайындыққа уақыт аз болғандықтан, қорқыныштың барлығын сол кезде сезіндім. Бірақ, Алла қолдап финалда да жақсы танылып, жақсы пікірлерге ие болдым.

– Осылайша жеңіпаз атандым де, дұрыс-ақ. Ауыл-аймақ қалай қарсы алды?
– Жеңімпаз болған сәттен барлығы жан-жақтан құттықтап жатты, үлкендер батасын берді. Поезға отырып Ақтөбеге қуанышты хабармен бардым. Вокзалдан жерлестерім күтіп алды. Оның ішінде басым көпшілігі Ақтөбе телеарнасы мен өзге БАҚ. Желтоқсан айының 30-ы күні жаңа жыл мерекесіне арналған әкім балына шақырту алып, сол кеште “мәдениет саласының үздік қызметкері” деген сертификатпен марапатталдым. Бүгінгі жағдайым жаман емес (жаман емес деген жақсы да емес ). Концерттерге, кездесу кештеріне, кішігірім байқауларда жюри болуға шақыртулар түсіп жатады. Еліме бір жылдай қызмет еттім, ендігі болашақта өнердің қайнап тұрған жері Астанаға барып, шығармашылығымды шыңдасам деген ойым бар.

– Іске сәт.

Әңгімелескен Рүстем Нүркенов
shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған