Адам жаны түсініп болмайтын құбылысқа толы ғой. Алматыда «Жалын» журналында проза бөлімінің меңгерушісі боп жұмыс жасап жүрдім. Өлгім келді. Өзімді алып қашып көп алдадым. Ішкі дүнием көнер емес. Ақыры мынау түкке татымайтын дүниеде өмір сүрмей-ақ қояйын деп шештім.
Онда «Көк базардың» алдындағы «Алматыэнергоның» екінші қабатында отыратынбыз. Сенбі күні жұмысқа келдім. Келер алдында «Көк базардан» бір бума жібек жіп сатып алдым. Кабинетіміз үлкен. Жаңадан жөндеуден өткен. Отыра қап ауылдағы апама, бас редакторымыз Мұхтар Шахановқа қоштасу хат жаздым. «Ешкімге өкпе-ренішім жоқ. Жер басып жүруге зауқым да, әлім де жоқ. Мені кешіріңіздер» дегенім есімде.
Бұрышта жылу беретін 15-тік тұрба тұратын. Соған жібек жіпті байлап, мойынға салдым. Екі рет төмен сырғып кетті. Шамасы тұрба ақ сырмен сырланған, жіп болса жібек. Салмағымды көтере алмады. Сол кезде телефон шырылдап қоя берсін. Есім ауып тұрып көтерсем, ешкім үндемейді. Баса салды. Ойланып отырып қалдым. Алғашқы келген ой – мені о дүниеге жібергісі келмей тұр-ау». Екіншіден, шыны керек, үшінші мәрте асылуға дәтім бармады. Бетім қайтып қалыпты.
Артынша өмір сүруге, жазуға деген құштарлығым кереметтей оянды. Мынау өмірдің қызылды-жасылды қызығына қойдым да кеттім.
Бәлкім бір менің емес, талайдың барып тіреліп қайтқан тұйығы шығар. Ол оқиға қазір де мені толғантпайды. Толғантатыны – осыны бір жылдан соң жақын деген досыма сыр шертіп айтқанмын. Ол сонда не деді десеңізші?
Рахымжан, білмегенсің ғой, жіптің ұшын сулап байласаң сырғымайтын еді, – деді.
Солай… солай… солай!..
Рахымжан Отарбаевтың “Айқын” газетінде жарияланған күнделігінен үзінді