Дархан Әбдік: Кейбір журналистердің бар ойы әкімді мақтап, танысып, оған жақындап алу

Қазір  қандай да бір жылымық бар сияқты. Ақпарат министрі басқа басшыларға қарағанда либерал болуы мүмкін. Бірақ жалпы жүйе өзгерген жоқ. Жүйе өзгермегеннен кейін сөз бостандығы қалыптаспайды. Негізгі принциптер өзгеріп, журналистер қудаланбауы керек.

Үкіметтің баспасөз қызметінен тапсырма түспеуі тиіс. Жалпы, «ананы айт, мынаны айтпа» деген нұсқаулардың болмағаны дұрыс. Мәселе сонда. Әрине, журналистердің ішінде  мансап қуған алаяқ  көп.  Үкіметке, билікке жағымпазданып,  тапсырмасын орындап, басшы боп отырғандарды көріп отырмыз. Бірақ ол адамның жеке басына қатысты мәселе.

Біреу министр әлде әкіммен ақпарат алып, оны халыққа жеткізу үшін  сұхбаттасады.  Екінші журналистің сұхбаты қалай өтетінінде  жұмысы жоқ. Бар ойы әлгі мансапты адаммен  танысып, майлы сөзімен мақтап, жақындап алу.

Принцип тұрғысынан айтқан кезде, журналистің міндеті қоғамға толық ақпарат беру ғой. Ал бізде ақпаратты жасыру деген бар. Жарты жыл бойы Жаңаөзенде митинг болып жатқанда бірде- бір арна сол туралы тіс жарған жоқ. Сол кезде тордың есігі ашық болды ма?  Мәселе сонда.

Дархан Әбдіктің arasha.kz сайтына берген сұхбатынан үзінді

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған