Алмас Өтешев: Допинг дауынан кейін кезінде мақтау айтып жүргендердің біразы теріс айналып кетті

Алмас Өтешев: Екі бірдей әлем чемпионатында жүлде алған­нан кейін өз-өзіме деген сенімім күшейе түсті. Сол аралықта Азия ойындарында  күміс медальді мойныма тақтым. Содан барлығымыз жатпай-тұрмай Олимпиадаға даярландық. Риодағы жарыс қарсаңында Жасұлан Қыдырбаев екеуміз нағыз бабымызда едік. Ғаламдық доданың бас жүлдесі қос қазақтың біреуіне бұйыратынына кәміл сендік. Бірақ қапияда Қазақстанның бір топ ауыр атлетіне «допинг қолданды» деген айып тағылды. Бұл жаңалық баршамызға жай түскендей әсер етті. Өзіміз­дің әділдігімізді дәлелдеу үшін халықаралық сотқа да жүгіндік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады.

Осылайша, спорт саласының басы-қасында жүрген арамзалар ұйымдастырған қитұрқы ойындардың құрбаны болдық. Ең бастысы, біз допинг қолданған жоқпыз! Бұл сөзді Илья Ильин де, Жасұлан Қыдырбаев та, мен де нық сеніммен айта аламыз.

Допинг дауына ілікеннен кейін көптеген қиындыққа тап болдық. Мемлекет тарапынан алатын стипендиядан қағылдық. Еңбекақыдан айырылдық. Ол аздай, дәуіріміз жүріп тұрған шақта арқамыздан қағып, мақтау сөздерін айтқан ағаларымыздың біразы теріс айналды. Дос-жарандар да азайды. Бір сөзбен айтсақ, тұрмыс тауқыметін біраз тарттық. Қиналған сәтте Шалқар Тәліпов пен Мұрат Өмірбек сынды кәсіпкер ағаларым қолдау көрсетті.

Өзім былтыр Алматыға қоныс аударып, Қазақтың Спорт және туризм академиясы және республикалық спорт колледжіне жұмысқа орналастым. Бүгінгі таңда сол жерлерде жастарды ауыр атлетикаға баулып жүрмін. Бірақ сүйікті ісімнен түбегейлі қол үзгенім жоқ. Келесі жылы мен үшін үлкен спорттан шеттетілу мерзімі аяқталады. Сол кезде спорттық аренаға қайта ораламын. Мақсатым – Токио төрінде топ жару. 2020 жылы алауы тұтанатын Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілу үшін еш аянып қалмаймын. Оған күш-жігерімнің жететініне сенімдімін.

Egemen.kz сайтынан ықшамдалып алынды
мақала авторы Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған