Қол жетпейтін баспана. Алматыда 31 адам баспанасына қол жеткізе алмай, бақилық болып кетіпті

Алматыда мемлекеттен әупірімдеп үй алу тізіміне іліккен 31 адам ақыры баспанасына қол жеткізе алмай, бақилық болып кетіпті, бұл жайында 31-канал баяндады.  Бұны қаланың осы салаға жауапты адамдарының өздері айтып отыр. Ал, халық мемлекеттен тұрғын үй алу – аспандағы айға қол созумен бірдей арман дейді. Шенеуніктер тұрғын үй кезегі электронды түрде жүргізіледі, сондықтан жемқорлыққа енді жол берілмейді деп отыр.

Алматыда тұрғын үй кезегінде 20 мыңнан астам адам тұр. Бұл тек мемлекет тарапынан үй алуға құқылы деп танылғандар ғана. Ал баспанасыз болса да тізімге ілікпей қалғандар қаншама. Солардың бірі көп балалы Мұқан Сералиевтің отбасы. Үлкені он бірде, ал кішісі жаңадан екіден асқан 5 баланың тамақ ішетін, сабақ оқитын, ұйықтайтын жері де осы алақандай бөлме. Отағасы қарауыл болып екі жерде жұмыс жасағанымен тапқаны күнделікті ішім-жемнен артылмайды. Жатақхананы олар осыдан 10 жыл бұрын сатып алған екен. Ал мемлекет 7 адам тығылған аядай бөлмені кәдімгі баспанаға теңеп отыр.

МҰҚАН СЕРАЛИЕВ, Алматы қаласының тұрғыны:

– Бізге заң бойынша санитарно-техническй требованилерге не соответствует біздің тұрып жатқан жатақхана. Ал біз тұрғын үй қатынастар департаментіне барсақ олар айтады сендердің бастарыңда үйлерің бар, заң бойынша тиесілі емес.

Мұқан сияқты Алматыдан пәтер ала алмай, зар еңіреп жүрген адам көп. Қарапайым халық мемлекет тарапынан берілетін үй алу үшін қойылатын талап тым қатал  дейді. Көз жасына ерік берген бұл келіншек жасым 35-тен асып кеткен соң бағдарламаға ілікпей қалдым дейді

Ал Алматы қаласы тұрғын үй басқармасы үй кезегінде тұрған адамдардың санын азайту үшін тексеру жүргізіпті. Осылайша басқа қалаға көшіп кеткен, өз бетімен тұрғын үй сатып алған, санатын жоғалтып алған және бақилық болып кеткен 2000-нан астам адамды тізімнен алынып тастапты. Енді шенеуніктер сыбайлас-жемқорлықтың тамырына да балта шаппақ.

ӘНУАР ӨСКЕНБАЕВ, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы:

– Мемлекет тарапынан берілетін пәтерлерді үлестіру барасында сыбайлас-жемқорлыққа жол бермеу үшін тұрғындар  е-гов бағдарламасы бойынша электронды кезекке алынатын болды. Бұрын кезекті басқарма қызметкерлері өз компьютерінде қадағалап, тұрғындарға жылына бір рет кезегі туралы анықтама беретін. Ал енді әр адам өз кезегін электронды-цифрлы қолтаңба арқылы қадағалай алады.

Былтыр Алматыда 5 800-ден астам адам мемлекеттен үй алған. Алайда қалған адамдардың қанша жыл кезекте тұратынын шенеуніктердің өздері дөп басып айта алмады. Ал көп балалы әке Мұқан Сералиев «біздің отбасыны үй  кезегіне қоймаса әйелім ажырасқалы отыр» деп қынжылады.

Дереккөз: informburo.31.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған