АБАЙДАН ҚАЙЫМДЫ, ҚАЙЫМНАН АБАЙДЫ БӨЛІП ҚАРАЙ АЛМАЙМЫЗ

Біз қазір Абайдың шығармаларын тамсанып оқимыз, ән қылып айтамыз. Оның қара сөздерімен әлемге мақтанамыз. Ал сол хәкімнің еңбектерін қараңғыдан жарыққа алып шыққан, қайта жаңғыртқан кім? Әрине, ол Қайым Мұхамедханов! Тек Абай емес, Шәкерім, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбектей азаматтардың біразының еңбектерін қазаққа қайтарған ғалым адам. Жарайды, оны білдік. Кешегі жиын туралы айтайық. Дәл осы жерде бір түсініспестік бар секілді…

Соңғы бір жыл ішінде біздің Алаш қайраткерлеріне қатысты халықтың да, биліктің де көзқарасы 180 градусқа өзгерді. Яғни, оларға деген құрмет, ықылас өсіп, алғыс артты. Қазір «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан беріліп жатқан «Тар заман» фильмін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тамашалап, ырза болып отыр. Яғни бұл Мемлекет басшысының өзі айтып келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс жүзінде орындалғанының айқын көрінісі. Бірақ «Лениннің денесін бізге беріңдер. Арулап жерлейміз, құрмет көрсетеміз» деп отырған «Коммунистер» секілді партия жұмыс жасап жатқанда ештеңеге таңқалуға болмайды. Олардың артынан ерген жастар қазір еліміздің әр өңірінде «Лениннің Қазақстандағы рөлі» деген секілді тақырыптарда бас қосып, өткен күндерді аңсап, Мирзояндарын жоқтап жүр.

Сонда Президент бұлай дегісі келмеді ме деген сұрақ туады. Ол кісі Қайым атамызды бәрімізден де жақсы таниды. 1996 жылы Алматыда Мемлекеттік сыйлықты өз қолымен тапсырып, арнайы қабылдағаны үшін де ұмытты дегенге еш сенбеймін. Мүмкін емес. Тағы марапатталған 20 шақты адамның атынан осы кісі жиынды қорытындылап, сөзді түйіндеген еді. Ол уақытта Президент тарапынан елеп-ескерілу деген қазіргідей оңай шаруа емес. Әр бір кандидат үлкен зерттеуден, оның еңбектері арнайы сараптамадан өтеді.

Кезінде Қазақ ССР Гимінің авторы болғанын естен шығаруы мүмкін бе? Әлбетте жоқ. Бәрін де тамаша біліп отыр. Бірақ кеше тек көше мәселесі сөз болған жоқ. Президент Астана қаласындағы тазалық мәселесіне тоқталды. Қала басшыларының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Бей-берекет орналасқан базарларды да айтты. «Жасыл энергия дейміз. Оны қашан іске асырасыңдар?!» деп ескерту жасады. Автокөлік тұрақтарына қатысты проблеманы да көтерді. Осыдан соң әлгі көше атаулары көрсетілген слайдты көрсетпесі бар ма…

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мырза айтқандай, ол кісінің абайтанушы, академик екені рас. Алайда: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз бұл кісіні бір жылдары қабылдап, өз қолыңызбен сый-құрметке бөлегенсіз. 25 жыл қуғын-сүргінде болған адам екенін де білесіз. Сіздің осындай бастамаңыздан соң оны елеп-ескеріп, ұлт руханиятының азаттығы жолында күрескен азамат ретінде жас ұрпақтың жадында жүрсін деп берген едік. Ұрпақтары, әсіресе қазақ жастары сіздің бастамаңызға дән риза» дегенді қосып айтса, қандай орынды. Бірақ, уақыт өтіп кетті. Енді тек қайырын тілейміз.

Президент «аттарын» деді. «атын» деген жоқ. Бірақ үлкен өзгеріс болады деп ойламаймын. Ал ол бола қалса Қайым атауымен бірге Бауыржан Момышұлы, Дина Нұрпейісова секілді есімдер де жоғалады. Иә, бір жағынан қарасақ, Президенттің айтып отырғаны дұрыс. Расымен бас қаламызда кім көрінгеннің есімі менмұндалап тұр. Бараев, Петров, Марков, Циолковскийлердің қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Никола Тесланың Астанаға қандай қатысы бар? Соларды неге арнайы белгілеп көрсетпеген? Неге бірден Қайым тұрған көшені ғана береді. Былай айтқанда «құрбандыққа шалуға» арнайы дайындағандай әсер қалдырды.

Тілек біреу – Қайым атамыздың есімін қалдырса екен деймін. Басқасын айтпағанда, Абайдан Қайымды, Қайымнан Абайды бөліп қарау еш мүмкін емес. Семей – ғалымның туған жері. Ал, Астана – Тәуелсіздік үшін солақай саясаттың қысымына тұрып берген арыстарымыздың өмір бойы армандап өткен құтты шаңырағы.

Блогер Азамат Битанның ФБдағы жазбасынан

 

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған