Айнұр Сауытбекова: Қазіргі кезде ұлттық киімдер түпнұсқалық қалыпта тігілмей, ою-өрнектер дұрыс қолданылмайды

Ұлттық киім десе алдыменен көзге наурыз мейрамы елестетеді. Ұлттық шапан мен кимешек киген үлкендер, оюланған киімді жастар мен балалар. Дегенмен, қазақтың ұлттық киімі тек наурыз мерекесі үшін ғана арналмағаны рас. Өзіндік орны мен қызметі болғаны ақиқат. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі  «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Айнұр Сауытбековамен аз-кем тілдестік.

– Әуелі ұлттық киім деген терминді нақтылап алсақ.

– Ұлттық киім дегеніміз – кез-келген халықтың этникалық және рухани құндылықтарын, ұлттық ерекшелігін айрықша көрсететін киім үлгілері. Қысқаша айтсақ осылай.

– Түсінікті. Қазақ халқының ұлттық киімі ше?

– Қазақ халқының ұлттық киімі экономикалық, климаттық жағдайларды ескеріп және рухани құндылықтарды сақтай отырып тігілген. Өткен тарихымыздағы материалдық мәдениеттің қайталанбас көрінісі болып табылатын ұлтымыздың дәстүрлі киімдері – дала температурасының үлкен ауытқуларын, жаздың ыстығы мен қыстың аязды үскіріктерін, даланың ұшқын желін ескере отырып, өмір сүру жағдайларына икемді етіліп тігілген. Яғни, барлығы қарастырылған десек қателеспеспіз.

– Әрине. Қыз бен жігіттің өзіндік киімдері барын білеміз ғой. Дегенмен бұл жайында да тоқталып өтсеңіз.

– Бұл жайында көп айтуға болады. Қысқа ғана қайырып өтейік. Ұлттық киімдер өз иесінің жас ерекшеліктерін де көрсетіп отырды. Мысалға, әйел киімдері кішкентай қыздан бастап, үлкен әже болғанға дейін өздерінің жас ерекшеліктерін сақтай отырып, әлеуметтік мәртебесіне қарай өзгеріп отырды. Ал, ер адамдарда мұндай нақты классификациясы болған жоқ екен.

– Осының бәрі зерттеліп жазылды ма?

– Қазақ халық қолөнерінің бір түрі болып табылатын киім өнерінің мәселесі көп уақытқа дейін арнайы сала болып зерттелмегенімен, Орта Азия халықтарының этнографиясы, тарихы, қолөнері бойынша жазылған және осы зерттеуге арқау болған шығыс авторларының, батыс еуропалық, ресей саяхатшылар мен өлкетанушыларының еңбектері құнды мәліметтер береді.Атап айтқанда, И.В.Захарова мен У. Ходжаеваның арнайы монографиясы,Ә.Х. Марғұланның альбом-кітабының бірінші томы, Х.А. Арғынбайұлы мен Ө.Жәнібековтың және тағы да басқа ғалымдардың зерттеулерінде кездеседі.
Мысалы бір ғана пікірін келтірейік. Қазақ қауымының әдетінде ер мен әйелдің бас киімі де әр басқа. Бас киімдер тақия, бөрік, құлақты бөрік, тымақ, қалпақ. Тымақтарының іші түлкі терісінен тігіледі, сыртқы матамен қапталады. Қыста, боранды күндері өте қолайлы, жылы бас киімнің бір түрі болып табылады. Оларды теріден, аң терісінен тыстық маталар сырып тігіледі. Әйел бас киімдері:кимешек, жаулық күндік, шаршы, сәукеле, желек, шәлі бүркеніш, бергек т.б. Бұлар көбінесе іштік жеңіл матадан, ал құндыз бөрік, шашақ бөріктер ең қымбатты аң терілерінен тігіледі. Бұны Өзбекәлі Жәнiбеков жазып кеткен.

– Қызық. Енді киі түрлері жайында айта отырсаңыз.

– Мысалға, ер кісілердің киімдері, көбінесе түзде жүретіндіктен сырт киімдерімен ерекшеленеді. Олар аң терілерінен тігілген ішіктер киген. Аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, мауыт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы торғын, ләмбек сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек-жеңіне алтын, күміс, зер ұстап, кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып келген.
Ал, шапан көбінесе жүн тартылып бидайланып тысталған. Кей жерде шапанды әуелі астар мен бидайын қабып алып, тысты соның үстіне бос жабу арқылы тыстаса, кей жерлерде тура тыстың үстінен қабыған, кейде сыритын болған. Мұндай шапанды «сырмалы шапан» деп атаған. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Қайырма жаға шапанның бір түймесі, тік жағалы бешпент шапанның екі түймесі бар. Жыл мезгілдеріне қарай сырт киімнің түрлері де әртүрлі болған, мысалға күздік қой терісін илеп тон тіккен.
Жарғақ, тайжақы деген өң киімдерді тайдың, құлынның терісінен, жүнін сыртына қаратып тіккен, оларды да малмаға салып илеп, еттерін қырып, қабыққа қынаға салып өңдерін басып ажарлаған.

– Әйел заты ше?

– Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері.
Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі. Бойжеткендер мен келіншектер көйлектің үстінен әсем өрнектеліп, оюланып, алтын жіппен, асыл тастармен, зермен әшекейленіп тігілген камзол киген. Қыздар мен әйелдердің киімдері тігілу мәнері, өрнектеу түрлері, әшекейлеу шеберлігі жағынан әртүрлі болған.
Әйелдердің ұлттық киімдері өзінің қызықтылығымен, сәнділігімен, қарапайымдылығымен, қайталанбайтын ерекшелігімен көзге түседі. Қазақ қоғамындағы қыз-келіншектердің әлеуметтік мәртебесіне қарай киінуі де, халқымыздың өзіндік рухани ұлттық тәрбиесін айқындайды. Ертедегі әйел киімдері тік жағалы, ұзын жеңді және кең етекті болып тігілген. Етегі ұзын болып, үстінен бір немесе екі желбір тігетін болған, бұл көйлекті желбіршек көйлек немесе қос етек көйлек деп  атайды екен. Бұл жайында барлығы жазылған.

– Енді ұлттық киімнің бүгінгі қолданысы туралы тоқтала өтсеңіз.

– Сонау көшпелі кезеңдерден күні бүгінге дейін қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, көз тартар әсемдігі мен ыңғайлылығының арқасында қолданыстан қалмай келе жатқан киімдеріміз де жетерлік. Олардың кейбіреуін көнекөз қарттарымыз күнделікті киіп жүрсе, енді бірі қыз ұзату, келін түсіру сияқты тойларға пайдаланылады. Бірақ, қазіргі кезде ол барлық әдебі сақтала отырып, түпнұсқалық қалыпта тігілмей, өз маңызында пайдаланылып жатқан жоқ.

– Мысалы?

– Көп-ақ. Қайсы бірін айтайын. Мысалы оюды алайық. Ертеде қазақ қошқар мүйіз оюды тек киіз бен текеметке ғана салатын болған, ал қазіргі таңда барлық киім үлгілеріне жабыстыра береді. Бас киімдер батырдың дулығасы секілді жасалып, көйлектер де өз маңызымен тігілмей, етектері сан түрлі, жеңдері қысқа, ал әшекейлері өз орнымен өрнектелмейді. Бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, рухани құндылықтарды санасына сіңіруде кедергі болатыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Р.Шахымұранұлы
Shynyrau.kz

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған