Талдықорғанда мұғалімінің ұрысын көтере алмаған оқушының жүрек талмасы ұстап қалды

Талдықорғанда 9 жасар баланың жүрек талмасы ұстап, оны мектептен облыстық балалар ауруханасына алып кеткен, деп хабарлайды ktk.kz тілшісі. Оқушының жақындары болған жайға сыныптастары мен мұғалімдерді кінәлап отыр. Ал, мектеп басшылығы керісінше ұстаздардың соңына шам алып түскен, баласын шектен тыс еркелеткен ананың өзі айыпты дегеннен таймай отыр.

Үшінші сыныптағы Дінмұхамед Рахымов мектептің бетке ұстар оқушысы. Сабағы бес, түрлі олимпиадаларда аламанның алдын бермейтін алғыр. Дей тұрғанмен үлгілі деген атына оны «дөрекі сөйледі» деп мұғалімнің директорға шағымданғанынан кейін кір жұққан.

Дінмұхамед Рахымов, № 9 мектептің оқушысы: – Жайнагүл апайға кім  қарсы шыққан деп сұрады. Апайларың ауырып қалды деп. Балалар ” Димаш,” Димаш” деп айқайлай бастады. Сосын біреулер қайта қайта маған тиісе берді.

Мұғалімнің ұрысы, сыныптастарының иықтауы Димашқа ауыр тиген. Есеңгірегеннен туыстарына хабарласып, алып кетсін деуге шамасы жеткен. Екі өкпесін қолына алып жеткен әжесі боп-боз болған немересін танымай қалыпты. Айтуынша, тынысы тарылып, денесі дірілдеп, қалшылдаумен болған.

Зейнехан Рахымова, Дінмұхамедтің әжесі: – Директорға жедел жәрдем шақырт десек тұр қатар-қатарынан.  Сосын айттым балаға ауа жіберіңдер, терезені ашындар деп.  Су беріңдерші, көріп тұрсыңдар ғой деп жалындым. Дінмұхамедтің анасы Жәния Рахымова, баласына ұстаздардың қырын қарауын өзінің мектептегі бірқатар былықтарды әшкере еткен белсенділігінен көреді.

Ал, мектеп басшылығы болса сүттен ақ, судан тазамыз деп ант-су ішіп отыр. Баласын тым еркінсітіп, еркелетіп, әр ісіне араласып жүретін анасының шамадан тыс қамқорлығы оқушыны ауыртты деп отыр. Одан бөлек Жәнияның өзі өзге оқушыларға жөнсіз ұрсады екен.

Ләззат Есботанова № 9 мектептің директоры: -Жәния өз баласын қорғайды. Ылғи сөйтіп айтып барған сайын оған ұрсу керек дейді. Ол да дұрыс қой былай қарасаң. Осы жағдайдың бәрі ушығып осындай жағдайға келген. Дінмұхамедтің жүрегі ауырған мектепке қайта оралғысы жоқ. Ал, анасы мектептің үстінен арызын дайындап жатыр. Мектеп те қарап қалмай, қарсы шағымдануға дайын. Текетірестің нүктесін тек соттың шешімі қоятын сыңайлы.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған