Астанадағы атышулы «Әбу Даби Плазадан» тағы үлкен шу шықты

Бұл жолы да бір топ құрылысшы жалақыларын даулап, еңбек құқықтарының аяқ асты болып жатқанына наразылық білдірді, деп хабарлайды ktk.kz

Шағымданушылардың айтуынша, кешіктірілетін еңбекақыны айтпағанда, зейнетақы қорына да ақша аударылмайды екен. Құрылысшылар арыздарын алып басшыға барса, бірден жұмыстан қуылатын көрінеді.

Онсыз да құрылысы сиырқұйымшақтанып кеткен «Әбу Даби плазаның»  бір бөлігінде бүгін  жұмыс мүлдем  тоқтап қалды. Елу шақты  құрылысшы ұйымдасқан түрде қолындағы  құрал-сайманын тастап, жаппай көшеге шықты. Мердігер компания бір-бір отбасын асырап отырған азаматтардың  еңбекақыларын уақытылы  бермей, қинап қойған.

Нұрбол Толқынов, жұмысшы: -Барлығының  кредиттері бар. Банктерден смс келіп жатыр. Зейнетақы қорына ақша   желтоқсанда соңғы рет аударылған. Жігіттердің басында жалақыдан бөлек мынадай мәселелер бар: жарты жылдан бері олардың зейнетақы қорына ақша аударылмаған, араларында заңды  еңбек демалысына шыға алмай жұмыста жіпсіз байлаулы  жүргендер де көп.

– «Мониторинг» пен  «Қазстройды»  тексеріңіздер. 1 жылдан асып кеткен жігіттер бар  еңбек демалысына бармаған.

Ал жұмысшылардың құрылыс басында тамақтануы тіпті мұң екен. Сондықтан олар сырттан ас сатып алып, далада қуыс-қуысты  жағалап түстенуге мәжбүр.

-Тамақ ішетін жер  шаң,. Таза жер жоқ. Құрылысшылар  алдымен басшыға жолығып, шағымданбақ  болған. Бірақ жігіттер Астанадан жұмысқа қабылдаған  құрылыс компаниясының кеңсесін таппапты.

Сондықтан, олар амалсыз «Нұр Отаннан» араша сұрап келіп еді. Билік партиясындағылар онсыз да ашынып отырған азаматтарды    былай жұбатты:

Бақыт Сапаров, «Нұр Отан» партиясы Астана  қалалық филиалы төрағасының орынбасары: – Неге кетпейсіңдер?  “Абу Дабиден”. Кетіңдер. Анау-жаман, мынау жаман дейсіңдер? Ақша, тағы жоқ.  Неге онда  сол жақта істейсіңдер?

Кейін қатты кеткенін түсінді ме, партиядағылар көмек сұрап келгендердің  тізімі мен арызын алып қалды. Егер мердігер компанияның кінәсі дәлеледенсе, заңмен жауапқа тартамыз деп уәде берді.  Ол үшін арнайы комиссия құрмақ. – Бірақ мұндай жауапқа  жігіттердің көңілі көншімеді. Сондықтан талаптары орындалғанша,соңына дейін бармақ.  Негізі, Астанада « Абу Даби Плаза»  төңірегінде жиі  шу шығып тұрады. Құрылысы басталғалы, талай рет еңбек дауы болған. Егер жұмысшылар өз құқықытарын талап етіп, тым белсенділік танытса, қара тізімге кіреді екен. Ал бұлай көзге түскендер еліміз бойынша құрылыс саласында жұмыс істей алмайды.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған