Павлодарда кішкентай қызды соққан балабақша қызметкері жұмыстан қуылды

Павлодарда кішкентай қызды төмпештеп жатқан балабақша қызметкерінің әрекеті камераға түсіп қалды, деп хабарлайды ktk.kz тілшісі

Павлодарда балабақша қызметкері бүлдіршіндерді ұрғаны үшін жұмысынан қуылды. Оның кішкентайларды төмпештеп жатқаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Мұны көрген ата-аналар бала бағушының үстінен полицияға шағым түсірді. Қазір осы жағдайға қатысты арнайы сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалған.

Юлия Спирина 3 ай бұрын кішкентай қызын мына балабақшаға ауыстырғанын айтады. Бастапқыда бәрі ойдағыдай болғанымен, соңғы кезде бүлдіршін бақшаға барар кезде жылауды шығарыпты. Әлі үйрене алмай жүр ғой деп, бұған аса мән бермеген әйел кейін қызының мінезі біртүрлі болып кеткенін байқаған. Сөйтсе, баласы топтағы тәрбиешінің адуынды көмекшісінен қорқып қалған екен.

Юлия Спирина, Павлодар қаласының тұрғыны: –Қызыма тиіспесе де басқа бүлдіршіндерді беттерінен ұрады екен. Керек болса, итеріп, жұлқылап ақыратын көрінеді. Тәрбиеші топтан шығып кеткен кездерде көмекшісі осылай балаларымызға тәрбие беріп келген.

Бұл жайтқа нақты көз жеткізу үшін ата-аналар топтағы бейнебақылау камерасындағы таспаны алдыртыпты. Сөйтсе, бала бағушы бүлдіршіндерге шынымен де ақырып, жұлмалайтын көрінеді.

Татьяна Харченко, Павлодар қаласының тұрғыны: -Балаларды ұрады екен.Қызымды бір соғып, жылатып қойыпты. Қазір денесіндегі іздер тексеріліп, сараптамаға жіберілді. Баламды ұрғаны дәлелденсе, ісім осы әйелмен болсын. Осылай деген 20-ға жуық ата-ана бала бағушының үстінен полицияға арыз түсірген. Ал мекеме басшылары оны жұмыстан қуып жіберіпті.

Алтынгүл Нығманова, №21 сәбилер бақшасының әдіскері: -Бірінші кіші топтың ата-аналары басшыға шағыммен келді тәрбиешінің көмекшісі балаларға дауыс көтеріп, қол көтерді деп өтініш жасады. Біз осы ата-аналармен бірге видеобақылауды байқап, осындай әрекет бар екенін көрдік. Сол сәтте осы адаммен келісім-шарт бұзылды.

Тәртіп сақшылары болса, «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізуде.

Ал ашушаң бала бағушы 35 жаста екен. Балабақшадағы бұл қызметіне бір жарым жыл бұрын орналасқан әйелдің кәмелет жасына толмаған бір қызы бар. Енді балабақшадағы бүлдіршіндерге көрсеткен қорлығы дәлелденсе  дәлелденсе, 721 мың теңге көлемінде айыппұл арқалап, тіпті, 75 күнге қамалуы да мүмкін.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған