Оңтүстікте ескі мектеп үйіндісіне байланысты шу шықты

Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» ауылы тұрғындары ескі мектептің қираған үйіндісін тазартуға билікке сан мәрте ұсыныс берсек те, сөзімізді тыңдар құлақ таппадық деп халықтың сөзін 31 арна келтіріп отыр. Телеарнаның хабарлауынша, оны реттеуге екі жыл бұрын бөлінген қаржы қолды болған дейді тұрғындар. Соның кесірінен батырлар аллеясын ашамыз деген жоспарымыз «орындалмас арманға айналды», -дейді.

АРМАН ПАЙЫЗХАНОВ, Бәйдібек ата ауылындағы «Алмалы» мектебінің директоры:

– Түсініксіз жағдай ғой. Мемлекеттің тарапынан бөлінген қаржыны, аудандағы басшылардың немқұрайдылығы кесірінен, бүгінгі күнге дейін ешқандай нәтиже жоқ, жұмыстарынан.

ЕРЛАН ҚУАНДЫҚОВ, тілші:

– Апатты деп танылған ескі ғимараттың адам өміріне қауіп төндіргендіктен, тұрғындар өз күшімен оны бұзып тастаған. Кейбірінің малын да басып қалыпты. Ал қазынадан үйіндіні тазалауға бөлінген қыруар қаржы желге ұшты дейді тұрғындар.

Мәселеден хабардар болған билік 600 мың теңге бір ғана мектепке бөлінген қаржы емес, ол аудан бойынша білім мен мәдениет саласындағы 5-6 апатты нысанды бұзуға бөлінгенін айтады. Ал таудай болып, жатқанына төрт жылдан асқан үйіндіні тегістеу жұмыстарын, «5 күнде бітіреміз» деп уәдесін берді.

ТАЛҒАТ СЫЗАЕВ, Бәйдібек аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Ол жерде тек мектепті бұзуға ғана қаржы қаралып, бұзылған. Орнын тегістеу жұмыстарына қаржы қаралмаған. Орнын тегістеу жұмыстары осы алдағы уақытта «Ауыл қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны есебінен жүргізіледі.

Дегенмен халық, қиратуға қаржы жұмсап, тегістеуін жылдап кейінге шегерген биліктің әрекетін түсінбейміз дейді. Құлаудың алдында тұрған, іргесі 1937 жылғы қаланған ескі мектепті бұзуға жергілікті тұрғындар техникамен де, қаржылай да көмектескендерін айтады.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған