Жұмада дұға қабыл болатын бір сағат бар…

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жұма күнінде қасиетті бір сағат бар. Мұсылман сол сағатта намаз оқып, қол жайып тілек қылса, Алла тағала оның тілегін міндетті түрде қабыл алады» (Бухари, Жұма 37) – деген. Тағы бір хадисінде: «Алақанында ақ айнасы бар Жәбірейіл періште маған келіп:

– Алла тағала саған және сенің үмбетіңе мейрам күні болсын деп жұма күнін парыз қылды, – деді. Мен:

– Бұл күнде не бар? – деп сұрағанымда, Жәбірейіл :

 Сендер үшін бұл күнде қайырлы бір сағат бар, кім сол сағат ішінде тағдырында жазылған нәрсені сұраса, Алла тағала сұрағанын береді. Егер ол сұрағаны тағдырында жазылмаған болса, Алла оны ақыретте артығымен береді. Егер пенде жаманшылықтан Аллаға сыйынса, (тағдырында жазулы жаманшылықтан), Алла оны одан да асқан жаманшылықтан сақтайды. Бұл күн күндердің сұлтаны әрі біз бұл күнді «яумул – мазид» (жақсылығы мол күн) деп атаймыз» (Имам Шафиғи, Муснад. Табарани; Аусат. Имам Ғазали, Ихия улумиддин 158 б. 55) – деген.

Бұл нақты қай сағат екені жайында сахабалар мен табиғиндер және одан кейін келген фиқһ ғұламалары түрлі болжамдар айтқан. Мысалы: Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): «Аллаһ елшісі (ﷺ) отыр екен. Мен: «Алланың кітабында (Тауратта): «Жұма күнінде бір сағат бар. Мұсылманның намазы сол сағатқа сай келіп, Аллаға дұға қылса, тілегі орындалады» – дедім. Менің бұл сөзіме Пайғамбарымыз (ﷺ) «Сол сағаттың бір бөлігінде» – деп түзеді. Мен: «Дұрыс айтасыз, сол сағаттың бір бөлігінде» – деп, сөзімді одан әрі жалғап: «Бұл уақыттың қай мезетте екенін айтасыз ба?» – деп сұрадым. Маған (ﷺ) «Күндіздің соңында» – деп жауап қатты. Мен: «Бұл сағат намаз уақытымен қатар келмейтін шығар» – деп едім, маған «Мұсылман намаз оқып болып, келесі намазды күтсе, намаз оқып тұрғандай сауап жазылады» (Ибн Мажә, Иқама 99; Муснад, 5/450) – деді. Және бір хадисте имам мінберге шыққаннан бастап, намазды оқытып болғанға дейінгі уақыт делінсе (Әбу Дәуіт 1051 – хадис) екінші бір хадисте екінті уақытының соңғы сәттерінен іздеңіздер делінген (Әбу Дәуіт 1050 – хадис). Олай болса, бұл сағаттың нақты қайсы уақытта екендігін білмесек те жұма күні екендігі белгілі. Сондықтан Ораза айының Қадыр түні секілді, бұл қасиетті сағат та жұма күнінің бір бөлігінде жасырылған.

ihsan.kz

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған