“Бұл жағдай президент Назарбаевқа төнген қауіп емес пе?”

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Биылғы жылдың басты ерекшелігінің бірі – еліміздегі Жеңіс күні айрықша бір белсенділікпен аталып өтті. Кремльдің үстемшіл, импершіл саясатына мүлдем төтеп бере алмайтын сияқтымыз деген билік барша үдерістерді өзі басқарып, оларға асқан көпшілік сипат беріп, сасқан үйректің кебін кигендей болды. Себебі дәл кешегідей Қазақстанда Кеңес Одағының туларын ұстап көшеге шыққан емес. Елімізде КСРО-ны аңсаушылар, Кремльдің жымысқы саясатын жүргізушілердің көптеп жүргенін айқын байқадық. Сонда «ел бірлігі», «тәуелсіз мемлекетіміз» дегеніміз қайда қалды? Енді бір-екі рет 9 Мамырды кешегідей тойласақ, егемендігімізден айырылу қаупі анық көрініп тұрғандай. Ресей білгенін жасап, ел азаматтарын өз мемлекетіне айдап салатын жағдайға жеттік. Енді не істемек керек?

Ең алдымен біз ұлт болып, қоғам болып кешегі мейрамның мемлекеттік идеологиялық аппараттың ойсырай жеңілуі екенін мойындауымыз қажет. Жылдар бойы ауыз толтырып айтып келген идеологиялық конструкциялардың парша-паршасы шықты. Біз ресейшіл емеспіз, тек аталарымызды еске алып жүрміз дегендер «қара-сары жолақтар» мен «жаужүрек марштардың» Кремльдің сценарийімен өз жақтастарын жинау, оларға пәрмен беру, ел билігі мен қоғамына күш, сес көрсету мақсатында жүргізіліп жатқанын айқын түсінетін кез келді. Бұның бәрі де ойыншық емес. Бұл саясаттың астарында кешегі кеңестік республикаларды қайтадан Ресей қарамағына жинау, аталар жолын сөз ету арқылы идеологиялық бағындыру, табындыру жатыр. Моральдық тұрғыдан ешкім өз атасының ерлік жолын кемсіте алмайтынын жақсы түсінген Ресей соңғы көзірін еш аяусыз, жөн-жосықсыз пайдаланып келеді. Және де бұл саясат әлемдік қарқын алып келе жатыр. Бұны түсінген елдер қолынан келген қарсылықты көрсетіп жатыр. Мысалы, күні кеше билікке келген Армения президенті Пашинян Жеңіс күнін 9 мамырдан 8 мамырға ысырып тастады: армяндар бұл күнді барша әлем жұртымен бірге атап өтуі тиіс деген ой.Грузияда кеше «Георгий жолақтарын» таққан орыс дипломаттарын жүргізбеу, жолақтарын шешкеннен кейін ғана көпшілікпен табыстырды. Балтық елдерінде, Шығыс және Еуропа елдерінде коммунизм қылмыстық идеология деп табылып, оның символдары мен рәміздерін насихаттауға тыйым салынған. Мысалы, Кеңес Одағының туын біреу-міреу көшеге алып шығатын болса, оны полиция дереу құрықтап, оған айыппұл салатыны белгілі.

Біздегі жағдай, Абай атамыз айтқан, «баяғы жартас – сол жартас» қалпында. Жыл сайынғы дүрдараз айтыстар, қоғамның жігі, бітіспес даулар. Жұрттың біразы билікке мынаған тыйым сал деп жатса, билігі бүйрегі басқа жаққа бұрылған «жаужүрек полктардың» маршын өзі бастап жүреді. Әрине, билікті де түсінуге болатын шығар. Бірақ егер сенің еліңді, оның идеологиясын өзің емес, бөтен ел билеп жатса, одан артық қандай қорлық бар? Бұл қоғамға, мемлекетке қауіп екенін айтпағанның өзінде, атқарушы билікке, президент Назарбаевқа төнген қауіп емес пе? Мемлекет деген дүниелер шенеуніктер мен әкімдердің құлағына жетіп, миына сіңбесе, президентке қауіп деп түсіндіріп көрейік. Бұның барлығы да түптің түбінде мемлекеттің ыдырап, жер мен ұлттың тұтастығына төнген қатер екенін бүгін барша көзі ашық қазақ баласы әлдеқашан түсінген сияқты. Түсінбей я болмаса түсінгісі келмей отырған тек атқарушы билік қана.

….

Ерте ме, кеш пе, қазақ қоғамы коммунизм мен сталинизмді қылмыстық идеология деп табуы міндет. Бұл – өткенмен есеп айырысу, кек алу емес, соны болдырмаудың, қайталатпаудың шарты. Тәуелсіз елімізде коммунистік партиялар сотпен жабылып, коммунистік символдар мен рәміздерді, коммунистік идеологияны дәріптеу мен насихаттау  саяси қылмыс деп есептелуі керек. Бәлкім, бұл болашақтың ісі  шығар. Бірақ қоғам болып соның шарттарын жасай бергеніміз абзал.

Дереккөз: zhasalash.kz

фото: informburo.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған