Тұрсын Жұртбай: «Бір студент келіп “қазақтың жауы – Әлихан Бөкейхан” деген еді»

…Екі-үш мысал келтірейін. Жүз жылға жалға берген Тайуан аралын Қытай қайтарып алды. Ол үшін: «Бір мемлекет, екі түрлі қоғам» деген тұжырым енгізді. Яғни қытайдың бір бөлігі – социалистік, екіншісі капиталистік қоғамда қатар өмір сүріп жатыр. Қытайдың тұтастығын сақтау үшін Ден Сяу Пин осыған да барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Шуақ пен көлеңке» атты мемуарында шекараны анықтау тұсында, әсіресе, Өзбекстанмен арадағы жайларды кейінге қалдыруға болатынын, бірақ сауатсыз елшілердің кесірінен оның әділетсіз шешімге барғанына өкінетінін ашып жазды. Демек, елу жылға жалға берілген жерді халықаралық заң арқылы қалпына келтіруге мүмкіндіктің кезінде болғаны ғой. Мақтаарал ауданы Қазақстанға қайтқан тұста да осындай асығыстықтардың жасалғаны анық.

Біз, Алтай үшін, Мұзтау үшін мақтанамыз. Ал ол шыңға баратын жер де, жол да Ресейге өтіп кетті. Соның кесірінен Баянөлгейлік қандастарымыздың қанын қарайтып, жанын жаналқымға келтіріп отырмыз. Тіпті, қорғаныстық, халықаралық маңызды нүктені қолдан беріп алдық. Десек те, біз сол Ленин қол қойған жердің негізін сақтап қалдық. Ал енді осындай маңызды оқиғаны мемлекеттік тұрғыдан ескеруге болар ма еді. Болар еді.

Өкініштісі, біздегі барлық саяси партиялар өзінің қайдан шыққанын білмейді, білгісі де келмейді. Сондай-ақ, Алаш партиясының құрылғанына 90 жыл толып кетті. Оның бағдарламасымен кім танысып, кім есіне алды? Мемлекет болар болмас кішкентай ғана қаулы шығарды. Ол қаулы сол қалпы қалды. Оны ескеріп іске кірісіп жатқан ешкім жоқ. Сол Алаштың идеясы не еді? Ешқандай партия есіне де алмады, тіпті кейбірінің қаперінде де болған жоқ. Оның есесіне Халық ассамблеясының атын жамылған мәжіліс депутаттарының бірі «Алаш» партиясын жеккөрінішті етіп еңбек жазып, оны жариялауға ұмтылды.

Менің бір досым: Қазақстан казактардың да отаны, олар демократиялық принциптерді орнату үшін, интернационалдық борышын өтеу үшін қоныстандырылған – деген мағынада кітап жазуға тапсырыс берілгенін айтты. Біздің университетте (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) осыдан бір-бір жарым жыл бұрын студенттер кездесуге шақырды.. Студенттерді Алаш идеясымен қолдан келгенше таныстырдық.

Бір ай өткен соң, жаңағы балалар тағы келіп тұр. «Не болды?» – деймін ғой. Олар:«Біз екіге бөлініп таласып жатырмыз» – дейді. «Не болып қалды?» – деймін жөпілдемеде. Олардың жартысы: «Қазақ халқының жауы – Әлихан Бөкейхан. «Алашорда» үкіметі – қазақ мемлекеттігін сатқан үкімет. 1991 жылға дейін Қазақ мемлекеттігі болған жоқ, шекара болған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң ғана, шекара анықталды» – деседі. Қалған жарты топ шыр-пыр болып оларға қарсы шығады. Бұл, әлгі, халықтар өкілі ретінде сайланған депутаттың пікірінен де асып түскен арандату.

“Айқын” газетінде жарияланған сұхбаттан үзінді

 

 

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған