Ақтөбеде шу шығып, халық орталық көшені жауып тастады

Кеше Ақтөбенің бүкіл күштің құрылымдары тайлы-тұяғы қалмай аяғынан тік тұрды, деп хабарлады 31 канал тілшісі.

Жаппай наразылыққа шығып, орталық көшені жауып тастаған халықты тоқтату үшін, әрине. Ресми ақпарат бойынша, қала орталығында болған шиеленістен ешкім жапа шекпеген. Саудагерлерді өретүрегелткен орталық базар әкімшілігінің «үш күннің ішінде орынды босатыңдар» деген бұйрығы көрінеді. 

Жалғыз табыс көзінен айырылып қаламыз деп қорыққан саудагерлер бүгін сауда орындарын тастап, наразылыққа шықты. Айтуларынша базар әкімшілігі үш күннің ішінде орындарыңды босатыңдар деп талап қойыпты. Бұған қарсылық танытқан ашынған топ тіпті базар маңындағы көшеге шығып, жолды бір сағатқа жауып тастады.  

ОЛЯ КӨРПЕЖАНОВА, саудагер:

– 500 адамның орнын алып тастап жатыр. Есептеңіз 30 000-нан. Қалай күн көреміз? Қайда барамыз? Кредитіміз бар. Әрбір адамда 100 000-нан, 200 000-нан, 300 000-нан. Магазин, бутик бәрін алып тастап жатыр. Масқара ғой бұл деген. Мына қара халықты кім ойлап жатыр? Біз кімге керекпіз? Әкім онда бізге акиматтың алдынан торговый центр салып берсін бізге. Салып берсін бәрімізге.

МӘРИЯМ ОЖАНОВА, саудагер:

– Местомыздың астына ролик салдыртты. Пожар болған жағдайда сүйреп алып тастаймыз деп. Оның бәрін қалтамыздан шығарып істедік. Енді келіп бізге я адам сияқты түсіндіріп айтып тұрған жоқ. Давай орынды босатыңдар, мына жер алынады дейді. Біз сонда не малмыз ба?

Жолды жапқан саудагерлердің ашуынан қорықты ма, әшейінде базарға бас сұқпайтын Бердібек Сапарбаевтің орынбасары мен қала әкімі халық көтерілген жерге тез жетті. Тіпті қара халықтың ызасынан сескенді ме, әйтеуір, қаладағы барлық күштік құрылымдарды өздерімен ерте келіпті.

Артынан халықты сабырға шақырған шенділер саудагерлердің мәселесін қала әкімдігіне барып бірге шешулерін сұрады. Айтуларынша  наразылыққа шыққан сатушылардың біреуі де далада қалмайды.

ЕРБОЛ НҰРҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

– Шешуге көмек жасаймыз. Әрине мүмкін барлығына сол базардың ішінен орын табылмас, бірақ біз басқа жерлерді де ұсынамыз.

Ал тексерушілер өрт қауіпсіздігіне қатысты 32 кемшілікті анықтаған. Бірақ, үш күн емес, 1 ай уақыт бар дейді.

БАУЫРЖАН СЫЗДЫҚОВ, Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Халықтың өрт болған жағдайда базардан қашып шығу жолын жауып тастаған. Төбелеріне іліп тастаған палатка бар ма, салафан бар ма, мата бар ма соның бәрі ертең өрт шығатын болса бәрі жанып адамның үстіне құламай ма? Адамды өртемей ме? Базардың басшылығы өкінішке орай соны түсіндіріп айтпаған. Үш күннің ішінде емес, 26 -маусымға дейін уақыт бар.

Ал базар басшылығы болса бір айдың көлемінде барлығы 200 орын жабылып, өрт қауіпсіздігі үшін базар іші қайта жарақталуы тиіс деп отыр. Ал егер төтенше жағдайлар департаментінің ұйғарымын орындамасақ орталық базар түгел жұмысын тоқтатуы мүмкін дейді.

ЖАНАР ҚОЖАНОВА, тілші:

– Ушыққан мәселені өз бақылауымызға аламыз деген жергілікті әкімдік арнайы жұмыс тобын құратын болды. Ал базар сатушылары 26 – маусымға дейін өз жұмыстарын жалғастырып,  кейін оларға басқа орын қарастырып береміз  деді.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған