Ұлттық музейдегі Қожықовтар туындылары

31-мамыр тарихта Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні. Атаулы күн Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтіліп келеді. Бұл күн еліміз үшін де айрықша мән-мағынаға ие. Қатаң саясаттың арқасында «Халық жауларын» анықтау барысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздерін ғана емес, олардың жан-ұялары да зардап шекті. Жалпы зерттеушілердің деректеріне сүйенсек Қазақстанда қасіретті жылдары 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, 25 мыңнан астамы ату жазасына бұйырды.

Сталиндік репрессия кезінде қазақ халқының басшылық қызметтегі азаматтары мен қоғам қайраткерлері, біртуар тұлғалары және ақын-жазушыларының ең таңдаулы өкілдері қаза тапты. Ұлтымыз өзінің аса дарынды, білімді, ұлтжанды асыл тұлғаларынан айырылды. Орны толмас шығынға ұшыратылған қазақ интеллигенциясының, халқымыздың ақыл-ойының қаймағына келген саяси репрессияның зауалы аса ауыр да қайғылы болды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында 2018 жылғы 29 мамыр күні Астана қаласында тұңғыш рет «Ағайынды Қожықовтар туындылары» атты көрме ашылды. Көрмені ҚР Ұлттық музейі директордың орынбасары М.Балтышев пен қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Қоңырқожа Қожықовтың ұрпағы, Суретшілер және кинематография Одағының мүшесі, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшесі Қожықова Сәуле Құлахметқызы ашты. Көрмеге ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың үздік туындылары қойылды.

Егемен еліміздің сурет өнеріндегі қылқалам шеберлері ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың алатын орны ерекше.

Қожахмет Қожықов – қазақтың тұңғыш театр суретшісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақтың драма театрында сондай-ақ, «Қазақфильмде» суретші бола жүріп көркемөнер саласына да өз үлесін қосты. Қ.Қожықов еңбек жолын әрі график, әрі кескіндемеші болудан бастайды, сонымен қатар балалар кітаптары мен театр спектакльдерін безендіріп, өзекті тақырыптарға карикатуралар салды.

Суретші 1937 жылы тұтқындалып, 10 жыл Поляр аймағына айдалып, шығармашылық белсенділігі үзіліп қалды. Ол 1943 жылы Алматыға денсаулығынан айрылып, өте ауыр халде оралады. Солай болса да, жұмысқа кірісіп, сол кездегі барлық көрмелерге белсене қатысады. Суретшінің қылқаламы да жігерлі, шығармашылық тәсілдің қуаты мен мәнерлілігі де сақталған.

Қожахмет Қожықов тамаша суретші болды. Нәзік сыршылдыққа тұнған «Жайлауда», «Кешқұрым», «Қызыл көш», «Шабындық», «Асы жайлауына барарда» атты акварельмен орындалған туындыларды өмірге әкелді. Өзінің композициялық шешімін де анық көрсетіп, адам мен жануардың мүсінін де, қоршаған ортаны да аса дәл сызықтармен бейнелеген суретшінің жарыққа шықпаған болашақ кескіндемелік композицияларының қарындашпен

салынған нобайлары болар, сірә, бірдей форматтағы бірнеше суреті сақталып қалған. Қожахмет Қожықов 43 жасында айықпас дерттен дүние салды.

Құлахмет Қожықов – тұңғыш театр және кино суретшісі, кітап графигі әрі ұлттық өнердің нағыз жанашыры. Қазақтың кәсіби театр безендіру және сәндік-қолданбалы өнерінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген. Құлахмет Қожықов «Абай әні» фильмін, ұлттық кинематографияның алтын қорына енген «Алып туралы жыр», «Жамбыл», «Алдаркөсе», «Домбыра үнімен», «Менің атым Қожа», «Атамекен», «Қыз Жібек» сынды көптеген киноленталардың қоюшы-суретшісі болды.

Тарихтың, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің тамаша білгірі Қожықов 1970 жылы Алматыда Республикалық халықтық сәндік-қолданбалы өнер музейін құрып, соның алғашқы директоры болды. Бүгінгі таңда қазақтың халық өнерінің осы бір теңдессіз ескерткіштерінің коллекциясы – еліміздегі ең ірі музейлердің бірі – ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің мақтанышы.

Құлахмет Қожықовтың шығармашылық мұрасының ауқымы аса кең әрі сан қырлы. Оның туындыларына

Сонымен қатар көрмеден сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қиялынан туындаған ою-өрнектерін көруге болады. Ләтипа – жүзден астам өрнектік туындылардың авторы. Қазір оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт және Вашингтон музейлерінде сақтаулы. 1944 жылы тіккен ер адамның ұлттық киімін қазақ үкіметі АҚШ президенті Ф. Рузвельтке сыйға тартты. Өмірінің соңғы жылдары Л. Қожықова қазақ ою-өрнек өнерінің фольклорлық қорын жасауға белсене араласты. 1958 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде оның қолынан шыққан киіз үй – әдемілігімен көз тартып, орындаушылық шеберлігімен келушілердің назарын өзіне аударды.

Көрменің жалғасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасіретті жылдар тағылымы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Дөңгелек үстелге «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры С.Тергембаев, Мұстафа Шоқайдың ұрпағы Ш.Әубәкірова, қоғам қайраткері, ағартушы ғалым Қ. Қожықовтың ұрпағы С.Қожықова қатысты. Аталмыш іс-шараларды Ғылыми-әдістемелік қызметтің «Қазақстан тарихы» бөлімі ұйымдастырды.

Қорыта келгенде іс-шаралардың басты мақсаты бейбіт күнге жету жолындағы алаш зиялыларының есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізіп, өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қалған Қожықовтар әулетінің қазақ өнеріне сіңірген еңбектерін насихаттау.

ҚР Ұлттық музейдің ғылыми қазметкерлері Г.Есжанова, М.Амирова
shynyrau.kz

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған