Бекболат Тілеухан министрге: Ұрылар да, сатушылар да, полицийлерде өз жазасын алсын!

Бекболат ТілеуханОқыс өлім, қапыдағы қисынсыз жазым баламыздай-ақ жанның өлімі баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. 25 жыл ғұмырында өзін де, елін де әлемге танытып үлгерген Денис қазақ спортында із қалдырған ерен еңбек иесі еді. Ортаға өнерімен ғана емес, мінезімен сыйған жайдары жайсаң бейнесін еске алушыларда есеп болмай жатыр. Барша Қазақстан халқына, Денис ініміздің туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Осы орайда, өзімнің депутаттық құзіретімді пайдалана отырып, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ішкі істер министрлігінің назарын мына мәселеге аударғым келеді.
Елімізде, оның ішінде, әсіресе, Алматы қаласында көлік және көлік бөлшектерінің ұрлығы күшейіп кеткені көптен бері айтылып жүр. Кешелі-бері әлеуметтік желіде де өз көліктерінің айнасы қалай қолды болғанын жазып жатқан азаматтардың қарасы көп. Көлік иелері тарапынан жергілікті полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі жайлы шағымдары да жиі айтылуда.
Бәлкім, тәртіп сақшылары көлік айнасын іздеуге тұрмайтын ұсақ-түйек деп санайтын шығар, бірақ сол “ұсақ-түйек” қылмыстың дер кезінде құрықталмауының қандай өкінішті жағдайға апарып соққанына куә болып отырмыз.
Сондықтан, құзырлы органдар ашылмаған қылмыстар бойынша арнайы талдау жасауды, қалыптасқан жағдайды жіті назарға алуы қажет деп санаймын. Сондай-ақ, қолданылған бөлшектер саудасына қатаң тексеру мен бақылау керек. Қаладағы бейнебақылау құрылғылары тек айыппұлдарды реттеу үшін емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Дер кезінде қажетті шаралар қолданылып, өз жұмысына немқұрайлы қараған тәртіп қызметкерлері болса, тиісті жазасын алады деп сенім білдіремін.
P.S. Аталған мәселе бойынша, құзырлы органдарға арнайы xат жолданды

ФБ жазбасынан

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған