Шымкентте тағы шу шықты. Кімдікі дұрыс?

Шымкентте ең үлкен базарды жабуға келген сот орындаушылары қарсылыққа тап болды деп хабарлайды ktk.kz тілшісі.

«Орталық Қырғы» базарының алдында көп жылдар бойы тұрған заңсыз сауда орындарын сүру туралы сот шешім шыққан. Бұл туралы тым кеш естірткен сот орындаушыларына сатушылар наразылығын білдіріп, екі күнде тауарларымызды көшіре алмаймыз деп налиды. Үйренген орнынан кетпейміз деген бірнешеуін тіпті полицейлер әкетті.

Шымкенттің ыстық таңы бұл саудагерлер үшін бүгін қарбаласпен басталды. Сауда жасайтындармен талай жыл алысқан қалалық тұрғын үй-коммуналдық мекемесінің арызын сот қанағаттандырған. Шілденің 27-і күні шыққан шешім бойынша жабайы сауда орындары жойылуы керек. Тек, сот шешімін ертесіне ғана таныстырған сот орындаушылары екі күнде дүңгіршектерді бұзамыз деп таныстырған. Ал, қысқа уақыт ішінде дүниемізді әкете алмаймыз дегендер өз орындарын бұздыртпай әлек салды.

–20 күнге уақыт сұрап жатырмыз. Бізге уақыт берсін деп. 2 күн ғана берді, қолымызға қағазды. Мақұл, заң бәріне бірдей шығар. Не істерімізді білмей жатырмыз. Біздің қанша затымыз бар. Затымызбен қосып сүреміз деп отыр.  

Бірақ, саудагерлерді тыңдаған ешкім жоқ. Полицейлер сатушыларды ұстап, арнайы әкелінген техника бірден қиратуға көшті.

-Бей-берекет сауда орындары бұл жерде 90-шы жылдардың басында пайда болған-ды. Қой дейтін қожа болмаған соң жабайы сауда гүлденіп, 10 шақты жыл бұрын алғашқы дүңгіршектер де салына бастады. Сөйтіп, биліктің нағыз бас ауруына айналған. Талай мәрте ескертіп, одан түк нәтиже шықпаған соң жергілікті билік бұл жолы ешкімге алдын ала айтпастан бұл жерді қиратуды жөн санаған сияқты.

Саудагерлердің кейбірі естен танып құлады. Оларды жедел-жәрдемге сүйресе қарсылық танытқан бірнеше әйелді тәртіп сақшылары қолдарын байлап, полиция учаскелеріне әкетіп жатты.

Фарида Нарметова, саудагер: – Бізді адам баласы бармайтын жерге лақтырып жатыр.  Біз мына жерді әдемілеп соғып береміз дегенге кредитке апарат алдық. Тауар алдық. Бутик соқтық.

Саудагерлердің көбі бұл жерге 100 бен 200 мың тг аралығында ақша төлеп келгенін айтады. Бірақ, нақты кімге бергендерін айта алмады.

– Мына сот орындаушы әйел аренданы әкел деген кезде кабинетіне дейін апарып бергем осыған. Осы әйел бұзды бізді. Айына 200 мың алып тұрды. Осы жердегі адамдардан жинап, мен апарып бергем. Ай сайын алып отыратын Тойшыбекова апай, ай сайын алатын.  

-– Тыңдаңыздар, мен ақша алған адам емеспін. Айта береді олар, нақты факт бар ма? Бетіме кәдімгідей қойып берсін. Егер де  дәлелдей алмаса үстінен арыз жазып, бір күнде үстінен іс қозғатам.

Кімнің ақша беріп, кімнің ақша алғаны сол күйі белгісіз күйінде қалды. Ал, қаланың ажарын құртып тұр делінген 40 шақты дүңгіршек тып-типыл етілді. Жергілікті билік бұл саудагерлерге іргедегі базардан 3 ай тегін сауда жасауға орын да беріп тұр. Бірақ, ретсіз саудаға үйренгендер ресми базарға барғылары жоқ.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған