Жаңа министр “погонсыз” болуы мүмкін

Ішкі істер министрі болып азаматтық тұлға тағайындалуы мүмкін деп жазады ktk.kz.

Алматылық қоғам белсенділері Ішкі істер министрлігіне қажет тың өзгерістерді құжат ретінде дайындап, Президент әкімшілігіне жолдады. Бұған мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы қазасы түрткі болғаны белгілі. Саясаттанушы, заңгер, экономистерден құралған топ халықтың нағыз қорғаны болатын, жұмысты ашық жүргізетін полиция құруды ұсынды.

Олимпиада жүлдегері Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін тәртіп сақшылары ел сенімінен басыбүтін айырылғандай болды. «Іші істер министрлігіне реформа қажет» деген халықтың қарасы да көбейді. Осыған орай, қоғам белсенділері бүгін  сөзден іске көшкендей. Саясаттанушы, журналист, заңгер, экономистен құралған топ 16 тармақтан тұратын ұсыныстарын бір жүйеге келтіріп, Президент әкімшілігіне жолдады.

Димаш ӘЛЖАНОВ саясаттанушы: -Ең алдымен, Ішкі Істер министрлігін әскери адам емес, азаматтық тұлға басқаруы қажет. Бұл өте маңызды. Ел полициясын ІІМ-нен бөлек орган етіп құру керек. Осылайша полиция жұмысы саясаттан алшақтап, қызметі қалыпқа түседі. Белсенділер әділдік іздеп келген жұрттың арыз-шағымына селқос қарайтын полиция құрамын біртіндеп жаңартуды ұсынды. Аттестация “бармақ басты, көз қыстымен” өтпеу үшін бақылауды күшейту керектігі де сөз етілді. Сондай-ақ, «саны көп, сапасы жоқ» қызметкерлерді қысқарту құжатта «тайға таңба басқандай» жазылыпты.

Ирина МЕДНИКОВА қоғам белсендісі: -Бұл халықтың ұсынысы. Қазақстан полицейі саны жағынан көп мемлекеттер қатарында. Бiрақ содан қысқарған қылмыс, түзелген тәртiп бар ма? Қоғам қазiр полицияны қорғаушы емес, басыңды бәлеге шатып, қалтаңды қағатын құбыжық секiлдi көредi. Сондықтан олардың үстінен парламенттік және қоғамдық бақылау енгізу керек.

Сондықтан алдағы уақытта Ішкі істер министрлігінде тың өзгерістер болуы ғажап емес. Алайда құқық қорғау органдарында қордаланған мәселе шаш етектен. Түрлі реформалар жасалғанымен, полиция қызметінің кәсіби деңгейі көтерілмеді дейді қоғам белсенділері. Олар Ішкі істер бөлімдері ғимараттарын биік қабырғамен қоршап, сіз бен біздің емес, өз қауіпсіздіктерін күйттеп кеткеніне де наразы.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған