1 қыркүйектен бастап мектептерге енгізілген өзгерістер үмітті ақтай ма?

Білім беру жүйесіне тағы өзгерістер енді, деп жазады  ktk.kz.

 Жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздарды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр. Сонымен биыл Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім жүйесіне қандай тың өзгерістер енгізді? 

Жылда өзгерістен шаршаған ұстаздар биыл да әуре-сарсаңға түсері анық. Мұғалімдердің айлығы көтерілгенімен, оларға жүктелетін міндет арта түсті.  Мәселен, жаңа оқу жылында информатика пәні 5 сынып емес, 3 сыныптан бастап оқытылады. Ал, химияны оқушылар 7-сыныптан бастап меңгереді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша білім ошақтарында робототехника, бағдарламалау, 3D-принтинг сыныптарын көптеп ашу көзделген. Бүгінде 1500 мектепте осындай кластар бар екен. Бас мұғалім ІТ лицейін ашуды да жоспарлапты.

Ерлан САҒАДИЕВ ҚР Білім және ғылым министрі: -5-7-ші сыныптарға «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізілетінін атап өтті. Оқулықтар мазмұны өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасалды. Бүгінгі күні оқулықтар дайын. Оны жеткізіп жатырмыз.

Министрліктің ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин беріледі.Цифрлық ресустар үйде де мектепте де қолжетімді болады. Бұдан былай, 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша тәлім алмақ.Ал алдыңғы жылдары шыққан оқулықтар енді жарамсыз.  Тың жобада теориялық білімнен гөрі, тәжірибеге басымдық берілген. 

Ерлан САҒАДИЕВ ҚР Білім және ғылым министрі: -Биыл педагогтарды аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізілді. Біліктілік санаты бойынша лауазымына қосымша 30-50 пайыз үстемақы қарастырылған. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібімен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді.

Кітап тапшылығынан қиналатын ата-аналар қыркүйектен бастап оқулықтың электронды нұсқасын планшет немесе мобильді қондырғыларға емін-еркін жүктей алады.  Демек, баспалардың жұмысы көбейді. Олар енді әр оқулыққа QR код енгізіп, қағаз нұсқасымен бірге электронды нұсқаны да әзірлейді. Бұдан бөлек ұстаздар қауымының арқасына аяздай бататын қағазбастылық мәселесі де өз шешімін таппақ. Мұғалімдер тек 5 құжат толтыруға міндетті. Ол: күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, сабақ бойынша жоспарлау, крийтерийлік бағалау, күнделік және сынып журналы. Министр Ерлан Сағадиев одан басқа педагогтан ешқандай есеп сұралмайды деп сендірді.

Жаңа оқу жылындағы  тағы бір жаңалық   енді оқушы санына қарай мектептерге қосымша қаржы бөлінеді. Ол ақша ұстаздарға сыйақы ретінде үлестіріледі.  Бұл жүйе 2020 жылға дейін еліміздің барлық білім ордасына енгізілуі тиіс. Биыл мектепке 3 миллионға жуық оқушы барады екен. Ал, білім ошағының табалдырығын алғаш 340 мың бала аттайды.

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған