Қабдеш Жұмаділов: Шыңғысханды Түргенде, Жаркентте туған деген өтірікті айтпауымыз керек

Қабдеш Жұмаділов: “Біз кешеге дейін тарихты кері оқып келдік. Ал қазір заман өзгерді. Тәуелсіз елміз. Сондықтан ащы да болса тарихты келер ұрпаққа дұрыс жеткізу парызымыз. Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә! Қазір біз жоң­ғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік.

Ұлы қаған ешқандай моң­ғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тыры­сып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Меніңше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық.

Шыңғысхан түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр. Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген.

Өзге де зерттеу­шілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жет­кізді. Солай деп көрсетуде. Кейбір импе­риялар тарапынан жүргізілген кезіндегі со­лақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы қаған­ның түрік екенін мойындау, Шыңғыс­ханды түрік деп тану, сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты.

Енді қазір біз Ұлы қа­ғанды қалайда әлемге түрік екенін мойын­датуға күш салуымыз керек. Мәселе, оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек. Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген. Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырла­ғанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек”. 

2016 жылы Айқын газетінде жарияланған сұхбатынан үзінді

Post Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған